Харбин-2025: қысқы Азия ойындарында Қазақстан спортшылары 50 медаль жиынтығына таласады

Харбин-2025: қысқы Азия ойындарында Қазақстан спортшылары 50 медаль жиынтығына таласады

ІХ қысқы Азия ойындары 2025 жылғы 7-14 ақпан күндері Қытай Халық Республикасының Харбин қаласында өтеді.

Осы жолы жарыстарды Харбин және оның шығысында 200 шақырымда орналасқан Ябули қаласы да қабылдамақ.

Атап айтқанда, Харбинде коньки спорты түрлері, шайбалы хоккей мен кёрлинг, ал Ябулиде шаңғы спорты, биатлон, шаңғы альпинизмі жарыстары жоспарланған. Ашылу салтанаты 7 ақпанда, жабылу салтанаты 14 ақпанда Харбин қаласындағы Harbin International Convention and Exhibition Center Stadium спорт кешенінде өтеді.

Кешенді жарысқа құрлықтағы 32 елден 1147 спортшы қатысады. Олар спорттың 6 түрінен (11 дисциплина – биатлон, тау шаңғысы, кёрлинг, конькимен жүгіру, шорт-трек, мәнерлеп сырғанау, шаңғы жарысы, сноуборд, фристайл-акробатика, шайбалы хоккей, ски-альпинизм) 196 медаль жиынтығының иесін анықтайды.

«Харбинде өтетін қысқы Азия ойындарына 3 айдан аз уақыт қалды. Бұл біз үшін 2025 жылдағы маңызды кешенді жарыстың бірі болмақ. 1996 жылы үшінші ақ Азиада осы Харбин қаласында өтіп, онда Қазақстан спортшылары 14 алтын, 9 күміс, 8 қола медаль жеңіп алған. Сөйтіп жалпы командалық есепте2-орынға ие болдық. Қазақстан қысқы Азиадаға 1996 жылдан бері тұрақты қатысып келеді. Осы аралықта біздің атлеттер 78 алтын, 62 күміс және 56 қола медаль (барлығы 196) жеңіп алған», – деді ҚР ТСМ Спорт және дене шынықтыру істері комитеті төрағасының орынбасары Азамат Имашев.

Ел құрамасынан Харбиндегі жарысқа спорттың 6 түрінен 139 спортшы (71 ер, 68 әйел) барады. Олар 50 медаль жиынтығына таласады.

1. Биатлон – 10 спортшы;
2. Кёрлинг – 12 спортшы;
3. Конькимен жүгіру спорты – 20 спортшы;
4. Мәнерлеп сырғанау – 4 спортшы;
5. Шорт-трек – 12 спортшы;
6. Шаңғы жарысы – 12 спортшы;
7. Шайбалы хоккей (ерлер) – 23 спортшы;
8. Шайбалы хоккей (әйелдер) – 23 спортшы;
9. Тау шаңғы спорты – 8 спортшы;
10. Фристайл-акробатика – 7 спортшы;
11. Шаңғы жарысы – 8 спортшы.

Бұл қатарда жоғары нәтижеге қол жеткізетін әлеуетке ие мына спортшыларымызды атап өтуге болады:

▪ Биатлон: Әсет Дүйсенов, Александр Мухин, Владислав Киреев, Галина Вишневская-Шепоренко, Арина Крюкова, Вадим Куралес.

▪ Шаңғы жарысы: Олжас Климин, Константин Борцов, Никита Гридин, Святослав Матасов, Надежда Степашкина, Ксения Шалыгина.

▪ Конькимен жүгіру спорты: НұралыАқжол, Надежда Морозова, Артур Галиев, Алтай Жәрдембекұлы, Евгений Кошкин.

▪ Шорт-трек: Абзал Ажғалиев, Денис Никиша, Мерсаид Жақсыбаев, Әділ Ғалиахметов, Еркебұлан Шамуханов, Жанбусинова Мадина, Ермек Малика, Ажгалиева Алина, Ольга Тихонова, Яна Хан.

▪ Фристайл-акробатика: Ардана Маханова, Аяна Жолдас, Роман Иванов Роман, Шерзод Хаширбаев.

Айта кетейік, жыл басында ойындардың эмблемасы мен талисманы таныстырылды. Бәсекенің бойтұмары – Сібір жолбарыстары Бинбин мен Нини. Бинбин мұз жарыстарын, ал Нини қар жарыстарын бейнелейді.

Еске сала кетейік, Қазақстан қысқы Азия ойындарын бір рет қыбылдаған. 2011 жылы Астана мен Алматы қаласында өткен кешенді жарыста Ұлттық құрама 32 алтын, 21 күміс және17 қола жүлдеге ие болып, жалпы есепте алғаш рет 1-орын алған еді. Осыған дейінгі VI қысы Азия ойындары 2017 жылы Жапонияның Саппоро қаласында өтті. Қазақстан 32 медальмен (9 алтын, 11 күміс, 12 қола) 4-сатыға тұрақтаған.