ЩУЧЬЕ-БУРАБАЙ КУРОРТТЫҚ АЙМАҒЫН ДАМЫТУ: ӨҢІРДІҢ ИНФРАҚҰРЫЛЫМЫ ҚАЛАЙ ЖАҚСАРЫП ЖАТЫР

ЩУЧЬЕ-БУРАБАЙ КУРОРТТЫҚ АЙМАҒЫН ДАМЫТУ: ӨҢІРДІҢ ИНФРАҚҰРЫЛЫМЫ ҚАЛАЙ ЖАҚСАРЫП ЖАТЫР

Мемлекет басшысының туризмді дамыту жөніндегі тапсырмаларын орындау мақсатында Щучье-Бурабай курорттық аймағын дамыту бойынша кеңес өтті. Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжановтың төрағалығымен өткен жиында әкім курорттық аймақты дамытудың жаңа кешенді жоспарының негізін құрайтын тұжырымдамалық жаңа тәсіл мен нақты іс-қимылдарды бірлесіп әзірлеу қажеттігі туралы айтты.
Кеңесте инженерлік-құрылыс жобаларын аяқтауға және курорттық аймақты дамытудың кешенді жоспарын әзірлеуге баса назар аударылды.

Президент Іс басқарушысының орынбасары Рустам Баялиев курорттық аймақты дамыту бойынша Мемлекеттік органдардың өзара іс-қимылы туралы баяндама жасаса, ҚР Туризм және спорт министрінің орынбасары Ержан Еркінбаев өңірдегі туризмді одан әрі дамыту туралы көзқарасын ортаға салды.

«Аталған құжаттың мақсаты – стратегиялық кластерлік жоспарлау негізінде Щучье-Бурабай курорттық аймағын тұрақты дамыту жөніндегі іс-шараларды ұйымдастыру. Құжат мемлекеттік органдар тарапынан кідіріссіз іс-қимылды талап ететін сегіз бағыттан тұрады. Бұл  өз кезегінде туристік дестинацияның негізгі проблемаларын шешуге көмектеседі», - деп атап өтті Еркінбаев.

Kazakh Tourism ҰК АҚ Басқарма Төрағасы Қайрат Сәдуақасов кешенді даму жоспары мен жұмыс барысы, курорттық аймақты зерттеу нәтижелері туралы айтып, Щучье-Бурабай курорттық аймағында тұрақты туризмді дамыту бойынша бірқатар іс-шараларды ұсынды.
Ақмола облысы туризм басқармасының басшысы Андрей Подгурский Бурабай кентінде инфрақұрылымдық желілерді жүргізу және су құбыры мен жылу желілерін жаңғыртуды қоса алғанда, инженерлік инфрақұрылым жобаларының аяқталғанын хабарлады.

Сондай-ақ кеңесте көлік инфрақұрылымын дамыту, цифрлық технологияларды енгізу, туристік саланың инвестициялық әлеуеті, экологиялық тұрақтылық және қоғамдық жауапкершілік мәселелері талқыланды.

Отырыс соңында Щучье-Бурабай курорттық аймағы елдің жетекші туристік кластері ретіндегі ұстанымдарын одан әрі нығайту бағыттары айқындалып, қойылған міндеттерді іске асыру үшін нақты мерзімдер белгіленді.