ШЕШІМ ЖОБАСЫ Д. Смағұловтың шенеуніктерге құмар ойынға тыйым салу петициясын қарау нәтижелері бойынша

ШЕШІМ ЖОБАСЫ Д. Смағұловтың шенеуніктерге құмар ойынға тыйым салу петициясын қарау нәтижелері бойынша
  1. Петицияның тіркеу нөмірі: 2024 жылғы 11 маусымдағы № 2024-04340719 петиция. Авторы: «Әділдік жолы» РҚБ басшысы Д.Смағұлов.

  2. Петицияны қараған мемлекеттік органның атауы: Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігі (бұдан әрі-Министрлік).

  3. Сол орынға барған кездегі нәтиже бойынша ақпарат (петицияда көрсетілген фактілерді тексеру үшін барған жағдайда): Орынға барып фактілерді тексеру талап етілмейді.

  4. Жобаның жария талқылау нәтижелері бойынша ақпарат:

    Жобаның жария талқылау нәтижелері бойынша ақпарат министрліктің ресми интернет-ресурсында және бұқаралық ақпарат құралдарында орналастыру жолымен жүргізілді.

  5. Комиссия/жұмыс тобының жұмыс нәтижелері туралы ақпарат:

    Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің 90-5-бабына сәйкес 2024 жылғы 19 маусымда министрлік жанынан петицияда баяндалған мәселелерді талқылау жөніндегі жұмыс тобы құрылды (ТСМ 19.06.2024 жылғы № 121 бұйрығы). Жұмыс тобының құрамына Парламент депутаттары, петицияның бастамашысы, азаматтық белсенділер, ойын бизнесі және лотерея қызметі салаларындағы мүдделі мемлекеттік органдар мен қоғамдық бірлестіктердің өкілдері (барлығы 27 мүше) кірді. Жұмыс тобының отырысы 2024 жылғы 24 және 25 маусымда министрлік ғимаратында гибридті форматта (жұмыс тобының кейбір мүшелері онлайн түрде қатысты) өтті.

    2024 жылғы 24 маусымда жұмыс тобының бірінші отырысына 27 мүшенің 23-і қатысты. Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаевтың шетелде іссапарда болуына байланысты отырысты орынбасары Мирас Төлебаев жүргізді. Бірінші отырыстың қорытындысы бойынша барлық айтылған пікірді ескере отырып, шешім жобасы әзірленді. Отырыс барысында мемлекеттік қызметшілер мен әскери қызметкерлердің құмар ойындар мен бәс тігуге қатысуын бақылау тетігі талқыланды. Айта кету керек, жұмыс тобы мүшелерінің басым көпшілігі петицияны қолдады. Букмекерлік кеңселер мен казино қауымдастығының екі өкілі ғана қарсы болды.

    2024 жылғы 25 маусымдағы екінші отырыста жұмыс тобының мүшелері шешім жобасын көпшілік дауыспен мақұлдады және петицияны қолдай отырып, бұқаралық ақпарат құралдарына пікір білдірді.

    1. Пікірлерді, сондай-ақ петиция бойынша экономикалық, әлеуметтік, статистикалық және өзге де қажетті ақпаратты талдау нәтижелері бойынша ақпарат:

    Министрлік петицияға қатысты 2 мыңнан астам пікірге талдау жүргізді. Пікір иелерінің басым көпшілігі петицияны және мемлекеттік органдар мен әскери қызметкерлердің құмар ойындарға қатысуын шектеуді қолдайды.

    Сонымен қатар бірнеше пікір білдірушілер мұндай шектеуді енгізуге ешқандай себепсіз қарсы екендігін білдірді.

    1. Халықаралық тәжірибені зерделеу және салыстырмалы-құқықтық талдау жүргізу нәтижелері бойынша ақпарат (егер петиция Қазақстан Республикасының заңнамасына өзгерістер енгізуді талап еткен жағдайда):

    Халықаралық тәжірибе

    Халықаралық тәжірибені талдау билік өкілдерінің құмар ойындарға қатысуына тыйым салу өте кең таралған құбылыс екенін көрсетеді.

    АҚШ-та федералды реттеу кодексіне сәйкес мемлекеттік қызметкерлерге кез келген құмар ойындарға қатысуға және өткізуге тыйым салынған.

    Португалияда казиноларға келушілерге әскери формада кіруге тыйым салынады. Судьялар мен дипломаттар казиноға кіре алады, бірақ ойнауға тыйым салынған.

    Бельгияда заңгерлердің, нотариустардың, әскери қызметкерлердің, полицейлердің және мемлекеттік және муниципалдық қызметкерлердің барлық санаттарының құмар ойындарына қатысуына тыйым салынды. Құмар ойындар жөніндегі Комиссия казино мен ойын залдарына баруға тыйым салынған адамдардың базасын үнемі жаңартып отырады және бірыңғай ақпараттық жүйені жүргізуге міндетті.

    Сингапурда полиция қызметкерлеріне қызметтік міндеттерін орындауға байланысты жағдайларды есептемегенде, қызмет кезінде ойын ғимаратарына баруға тыйым салынған.

    Жалпы, зерттелген халықаралық тәжірибеге сәйкес, казиноға барған мемлекеттік қызметкерлер өздерінің есептері мен кірістер туралы декларацияларында көрсетуге міндетті екенін көрсетеді. Есептерді ұсынбаған жағдайда қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғады.

    Құқықтық талдау

    Қазақстан Республикасы Конституциясының 39-бабына сәйкес азаматтардың құқығы мен бостандығы тек заңмен және конституциялық құрылымды сақтау, қоғамдық тәртіп, адамның құқықтары мен бостандығы, халық денсаулығы мен ар-намысын қорғау үшін қажет шамада ғана шектелуі мүмкін.

    Осыған байланысты мемлекеттік қызметшілерге, әскери қызметшілерге, сондай-ақ құқық қорғау және арнайы органдардың қызметкерлеріне тыйым салуды енгізу ұлттық заңнамаға өзгерістер енгізуді талап етеді.

    Қазіргі уақытта мемлекеттік органдар мен әскери қызметкерлер үшін құмар ойындар мен бәс тігуге қатысуға шектеулер енгізу туралы нормалар Парламент Мәжілісі депутаттарының бастамасымен «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ойын бизнесі, лотерея қызметі, денсаулық сақтау, мемлекеттік еңбек инспекциясы, мемлекеттік бақылау және артық заңнамалық регламенттеуді болғызбау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасында көзделген (бұдан әрі-заң жобасы).

    Атап айтқанда, заң жобасында мынадай тармақтар көзделген:

    1) «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңның 12-бабы құмар ойындарға және бәс тігуге қатысуға тыйым салу түріндегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы жаңа шектеулермен толықтырылады;

    2) «Құқық қорғау қызметі туралы» Заңның 80-бабы заңнамада көзделген сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулерді бұзу түрінде қызметкерді жұмыстан босату үшін жаңа негізбен толықтырылады;

    3) «Қазақстан Республикасының арнаулы мемлекеттік органдары туралы» Заңның 51-бабы және «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» Заңның 26-бабы бәс тігуге қатысқаны үшін теріс себептер бойынша қызметкерді жұмыстан шығару үшін негіздемемен толықтырылады.

    Тыйым нақты жеке тұлғаларға емес, азаматтардың санатына – мемлекеттік қызметшілерге қатысты белгіленген. Тиісінше, шенеунік әрқашан жұмысты жалғастыруға немесе жұмыстан шығуға және құмар ойындарды кедергісіз ойнауға таңдау жасай алады.

    Бұл шаралар мемлекеттік органдар мен әскери қызметшілердің құмар ойындарға және бәс тігуге қатысуды шектеуге бағытталған. Осылайша, петицияда көтерілген ұсыныстар заң жобасында қарастырылған. Петиция Парламентте заң жобасын қарауға күшті серпін берді және онда көзделген нормаларға қоғамның сұранысын растады.

    1. Қабылданған шешім түрлері (толық қанағаттандыру, ішінара қанағаттандыру, қанағаттандырудан бас тарту туралы): жұмыс тобы мүшелерінің басым көпшілігі өтінішті толық қанағаттандыру туралы шешім қабылдады.

    2. Петиция бойынша дәлелді шешім:

    Лудомания – Қазақстан қоғамындағы ең өзекті әлеуметтік мәселелердің бірі. Елімізде 350 мыңға жуық азамат құмар ойындар мен спорттық жарыстарға бәс тігуді ұнатады. 2024 жылдың наурыз айынан бастап 130 мыңға жуық адам «eGovmobile» қосымшасы арқылы құмар ойындар мен бәс тігуден өзін шектеді. 2023 жылдың қорытындысы бойынша заңды букмекерлік нарық көлемі 1,2 трлн теңгеге жетті. Қазақстандықтар интернет-казино мен заңсыз букмекерлік кеңселерде ойнауды жалғастыруда.

    Бейресми мәліметтерге сәйкес, мыңдаған адам жеке оңалту орталықтарында жасырын түрде емделуде. Құмар ойындарға патологиялық тартымдылық және соған байланысты тұлғаның деградациясы және қарыздың жинақталуы отбасының ыдырауына негізгі себептерінің бірі.

    Құмар ойындарға деген құштарлық көбінесе қарызға батырады және адамды пара алуға және манипуляциялау жасауға итермелейді. Бұл, әрине, мемлекеттік қызметкерлер, әскери және барлау қызметкерлері туралы сөз болғанда, елдің ұлттық қауіпсіздігіне қауіп төндіреді. Мысалы, 2022 жылы Алматы облысының прокуратурасы жүргізген тексеру қорытындысы бойынша 300-ге жуық мемлекеттік қызметші мен әскери қызметкер казинода 507 млн теңгеден айырылғаны анықталды. Бұл қаржының қайдан шыққанына қатысты сұрақ көп. 2024 жылдың наурызында Ақтөбеде букмекерлік кеңседе бюджеттен ұрланған 23 млн теңгені ұтылған әскери қызметші сотталды. Мұндай жағдайлар өте жиі тіркеледі, бірақ әрқашан көпшілікке жария етілмейді.

    2023 жылғы 4 қыркүйектегі Қауіпсіздік Кеңесінің отырысында Мемлекет басшысы лудоманияның алдын алу, оның ішінде құмар ойындар мен бәс тігуге тыйым салынған адамдардың тізімін кеңейту жолымен кешенді шаралар қабылдауды тапсырды.

    Осыған байланысты заң жобасына мемлекеттік қызметшілерге, әскери қызметшілерге, құқық қорғау және арнайы органдардың қызметкерлеріне құмар ойын мекемелеріне баруға және бәс тігуге іс жүзінде тыйым салу енгізілді. Ережеге бұзған жағдайда қызметкер теріс себептермен жұмыстан шығарылады.

    Мұндай шара екі себеп бойынша енгізіледі. Біріншіден, мемлекеттік құрылымдар өкілдерінің құмар ойындарына қатысуы биліктің имиджіне теріс әсер етеді және маңызды мемлекеттік шешім қабылдаушыларға психикалық тәуелділіктің дамуына әкелуі мүмкін. Екіншіден, құмар ойындарға қатысу шенеунікті пара алуға және манипуляция жасауға итермелейді. Тәжірибе көрсеткендей, құмар ойындарына әуес және бәс тігетіндер көбіне мемлекеттік қызметкерлер мен әскери қызметкерлерді сыбайлас жемқорлық қылмыстарын жасауға итермелейді.

    Жоғарыда айтылғандардың негізінде министрлік жұмыс тобының бірауыздан ұсынысын ескере отырып, петицияны қолдайды және оны толық көлемде қанағаттандыру қажет деп санайды. 

    10. Қабылданған шешімге шағымдану құқығын түсіндіру:

    Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің 91-бабына сәйкес қабылданған шешіммен келіспеген жағдайда, Сіз әкімшілік актіні қабылдауға байланысты емес әкімшілік актіге, әкімшілік әрекетке (әрекетсіздікке) әкімшілік (сотқа дейінгі) тәртіппен шағымдануға құқығыңыз бар.