Халықаралық туризм және меймандостық университеті – туризм саласында халықаралық деңгейдегі жоғары білікті мамандар даярлайтын еліміздегі тұңғыш бейінді университет.
Университет ерекшелігі – дуальді оқыту жүйесі қолға алынған. Яғни студент оқып жүріп, білім ордасы келісімшартқа отырған нысандарда ақылы түрде жұмыс істей алады. 2023-2024 оқу жылында екі жақты және үшжақты келісімдер негізінде 66 тәжірибе орталығында дуальді оқыту бағдарламасы бойынша 170 студент оқытылды. Оның ішінде 18 студент Rixos Dubai қонақ үйінде білім алды. Сондай-ақ, университет 22 студентке арналған жазғы өндірістік практиканы ұйымдастыру мақсатында Түркиядағы Kemer Holiday Club-пен ынтымақтастық орнатты.
Университет ең үздік оқытушы-профессорлық құраммен толыққан. Мұнда туризм саласында 5 PhD докторы сабақ береді (елдегі туризм бойынша PhD докторлардың тең жартысы).
Сондай-ақ, университет БҰҰ Дүниежүзілік туристік ұйымының (UN Tourism) Қазақстандағы жалғыз үлестес мүшесі. Тағы да назар аударарлық жайт, университет UNWTO TedQual бағдарламасы бойынша білім беру бағдарламаларын сертификаттауды жоспарлап отыр.
Дене шынықтыру және спорт саласында әлем чемпионатын, Азия чемпионатын, Азия ойындарын, ҚР чемпионатын, ҚР Гран-Приін, ҚР Кубогы т. б. қоса алғанда, әртүрлі деңгейдегі жарыстардың 97 спортшы-жүлдегерлері білім алуда. Сонымен қатар, университеттің 2 студенті 2024 жылы Парижде жоспарланған жазғы Олимпиадаға қатысуға лицензия алды.
Қазіргі таңда 2 554 студент білім алып жатқан оқу ордасына жыл сайын 800 грант бөлінеді. Бүгінде білімгерлердің 2 338-ы грантта оқыса, 216 студент ақылы негізде білім алады. Биыл университет алғашқы 460 түлекке диплом табыстайды. Сондай-ақ, Түркістанда ашылған туризм саласы бойынша тұңғыш профильді университет биыл 5 жылдық мерейтойын тойлайды.
Бүгінде туризм саласындағы кадр тапшылығын ескере отырып, келесі оқу жылынан бастап 3 жылдық білім беру жүйесіне көшу жоспарланған. Сабақтар триместр - 10 апталық теориялық оқыту мерзімімен ұйымдастырылып, білім алушылар бакалавр дипломын 3 жылда алатын болады.