ВИЗАЛЫҚ ТАЛАПТАРДЫ ЖЕҢІЛДЕТУ ТУРИЗМГЕ ОҢ ӘСЕР ЕТЕДІ

ВИЗАЛЫҚ ТАЛАПТАРДЫ ЖЕҢІЛДЕТУ ТУРИЗМГЕ ОҢ ӘСЕР ЕТЕДІ

Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев Еуропалық Одақтың Қазақстандағы Өкілдігінің Басшысы Кестутис Янкаускаспен кездесті.

Тараптар туризм және спорт саласындағы ынтымақтастықты және бұқаралық спортты дамытуда тәжірибе алмасуды талқылады. Қазіргі таңда ел азаматтарының 40,4%-ы жүйелі түрде спортпен айналысады. 2023 жылы дене шынықтыру және спортпен шұғылданатын балалар мен жасөспірімдердің үлесі 27,3%-ға (984 мың адам) жетті.

Ведомство басшысы министрлік Еуропа елдерімен туризм саласында ынтымақтастық орнатуға көп көңіл бөлетінін атап өтті. Өйткені Еуропа – елімізге туристерін тарту қажет негізгі нарық.

«Қазақстан Еуропалық Одақпен жан-жақты байланысын нығайтып келеді. Біз жүзеге асырып жатқан бастамалар, соның ішінде ЕО азаматтарына елде 30 күнге дейін жүруге мүмкіндік беретін біржақты визасыз режим және олар үшін визалық мәселелерді жеңілдету Еуропалық Одақпен тығыз байланыс орнатуға деген ұмтылысымызды көрсетеді. Қазақстан азаматтары үшін визалық талаптарды жеңілдету туризмнің дамуына және өзара туристік ағымның артуына оң әсер ететініне сенімдіміз», - деп атап өтті Ермек Маржықпаев.

Кездесу барысында ЕО өкілдеріне Қазақстанның туристік әлеуеті таныстырылды. Шетелдік меймандар еліміздегі саяхаттың эко, этно және шытырман оқиғалы түрлеріне ерекше қызығушылық танытты.