ДЗЮДОДАН ЕКІ ДҮРКІН ОЛИМПИАДА ЧЕМПИОНЫ СЕХЭЙ ОНО ҚАЗАҚСТАНДА ШЕБЕРЛІК САҒАТЫН ӨТКІЗЕДІ

ДЗЮДОДАН ЕКІ ДҮРКІН ОЛИМПИАДА ЧЕМПИОНЫ СЕХЭЙ ОНО ҚАЗАҚСТАНДА ШЕБЕРЛІК САҒАТЫН ӨТКІЗЕДІ

Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев елордада өтетін Qazaqstan Barysy Judo Grand Slam турнирі аясында дзюдодан екі дүркін Олимпиада чемпионы Сехэй Ономен кездесті.

Тараптар Қазақстанда дзюдо спортын дамыту бойынша әлеуетті ынтымақтастықты талқылады. Елімізде дзюдо спорты қарқынды дамып келе жатыр. Қазіргі таңда 150 мыңнан аса спортшы елдегі 3,5 мың секцияда спорттың дәл осы түрімен айналысады.

Әлемдік дзюдо спортының аңызы, Олимпиаданың екі дүркін чемпионы (Рио – 2016, Токио – 2021), жеті дүркін әлем біріншілігінің жеңімпазы жапониялық Сехэй Оно ел спортшылары мен жаттықтырушыларға шеберлік сағатын өткізеді.

«10-12 мамыр күндері елордадағы Жақсылық Үшкемпіров атындағы «Жекпе-жек» сарайында дзюдодан Qazaqstan Barysy Judo Grand Slam халықаралық турнирі өтеді. Ел аумағында осындай рейтингтік маңызды жарысты өткізу – үлкен сенім және жауапкершілік. Әлемнің ең мықты дзюдошылары елордада бас қосып, Париж Олимпиадасының соңғы рейтингтік ұпайларын сарапқа салады. Аталған турнирді өткізу еліміздегі дзюдо спортын одан әрі дамытуда маңызды қадам болады деп ойлаймын», - деп атап өтті Ермек Маржықпаев.

Grand Slam («Үлкен дулыға») – IJF (International Judo Federation – Халықаралық дзюдо федерациясы) жарыс күнтізбесіне сәйкес «IJF World Tour» аясында өткізілетін әлемдік жарыстар сериясы санатына енеді. Әлем чемпионаты мен World Masters турнирінен кейінгі үшінші маңызды турнир.  IJF ережесі бойынша, жарыс жеңімпазы мен жүлдегерлерінің әлем және Олимпиада рейтингтеріне ұпай қосылады. Qazaqstan barysy Grand Slam турнирі Париж Олимпиадасына рейтингтік ұпай беретін соңғы турнир саналады.