ӨТКЕН АПТАДАҒЫ ЕЛ СПОРТШЫЛАРЫНЫҢ ЖАРҚЫН ЖЕҢІСІ

ӨТКЕН АПТАДАҒЫ ЕЛ СПОРТШЫЛАРЫНЫҢ ЖАРҚЫН ЖЕҢІСІ

Нысана көздеу: Чехияның Пльзень қаласында ұйымдастырылған Гран-при жарысында тапаншамен 50 метрден оқ атуда Максим Мазепа күміс, аралас қарқында қозғалатын жылжымалы нысана көздеуде (10 метр) ерлер құрамасы – алтын, әйелдер күміс жүлдеге қол жеткізді. 10 метр қашықтықтан жылжымалы нысанаға көздеуде әйелдер – күміс, ерлер қола медаль олжалады.

Көркем жүзу: Франция астанасы Парижде өткен Әлем кубогінің екінші кезеңінде Эдуард Ким мен Наргиза Болатова қарсылас шақ келтірмей, алтыннан алқа тақты. Сонымен қатар командалық сайыста жерлестеріміз үшінші орынға табан тіреді.

Көркем гимнастика: Өзбекстанда өткен көркем гимнастикадан лицензиялық Азия чемпионатында Эльжана Таниева көпсайыста алтыннан алқа тағып, Париж Олимпиадасының жолдамасын жеңіп алды. Сондай-ақ ол доп жаттығуында қола жүлдегер атанды. Айбота Ертайқызы бір алтын, бір күміс және бір қола медаль иеленді. Командалық есепте Қазақстан құрамасы күміс, топтық бәсекеде қолаға қол жеткізді.

Дзюдо: Тәжікстандағы Grand Slam турнирінде жерлестеріміз үш жүлде жеңіп алды. 60 килода бақ сынаған Мағжан Шамшадин күміс, Абылайхан Жұбаназар (81 кг) мен Дархан Қойбағар (73 кг) қола жүлдегер атанды.

Нысана көздеу: Бакудегі (Әзірбайжан) өтіп жатқан  Әлем кубогі кезеңінде тапаншамен 10 метрден нысана көздеуде Қазақстан-2 құрамасы (Эльдар Иманкулов пен Валерия Попелова) күміс жүлде жеңіп алды.

Жүзу: Түркия ашық чемпионатында Аделаида Пчелинцева әйелдер арасында 50 метрге брасс әдіспен жүзуде, Даниела Дю 100 метрге еркін әдіспен жарыста күміс жүлдегер атанды. Ксения Игнатова 50 метрге шалқалай жүзуде қола медальға қол жеткізді. Ал ерлер арасында 100 метрге еркін әдіспен жүзуде Әділбек Мусин күміспен күптелді.

Үстел теннисі: Францияның Мец қаласында өткен үстел теннисінен WTT Youth Contender халықаралық турнирінде Алан Құрманғалиев үшінші орын иеленді.