«ДАЛА ҚЫРАНДАРЫ» ЕРІКТІЛЕР ҚҰРАМЫНДАҒЫ СПОРТШЫЛАР ОРАЛ ТҰРҒЫНДАРЫНА КӨМЕК КӨРСЕТУДЕ

«ДАЛА ҚЫРАНДАРЫ» ЕРІКТІЛЕР ҚҰРАМЫНДАҒЫ СПОРТШЫЛАР ОРАЛ ТҰРҒЫНДАРЫНА КӨМЕК КӨРСЕТУДЕ

Спорт қауымдастығының өкілдері «Дала қырандары» жастар қоғамдық бірлестігімен бірлесіп, Орал қаласының іргесіндегі су тасқынына қарсы жұмыстарға атсалысуда. Жергілікті тұрғындарға 400 ерікті көмек көрсетіп жатыр.

Батыс Қазақстан облысына көмекке барған спортшылар қатарында Ербол Хамитов, Асхат Ділмұхамедов, Алмат Кебіспаев, Василий Тахтай, Фируза Шәріпова, Бейбіт Ыстыбаев, Сергей Цырульников және өзге де спортшылар бар. Олар Зачаганск кентінің маңындағы бөгеттерді нығайтуға көмектесіп жатыр. Спортшылар аталған акцияға қатыса отырып, бір-бірімен ынтымақтастықта жұмыс істеу, командалық рухты көтеру және өзгелерге көмектесу сияқты спорт құндылықтарының маңыздылығын көрсетуде. Ерікті спортшылар әр түрлі спорттың, атап айтқанда, аралас жекпе-жек, грек-рим және еркін күрес, грэпплинг, футбол, футзал секілді спорт түрлерінің өкілдері.

Естеріңізге сала кетейік, Туризм және спорт министрлігі «Дала қырандары» жастар қоғамдық бірлестігімен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойған болатын. Меморандумға сәйкес, спортшылар су тасқынынан зардап шеккендерге көмек көрсету мақсатында ерікті топ құрды.