
Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі мен «Қазақтелеком» АҚ өнердің баршаға қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында ұйымдастырған онлайн нұсқадағы «Карантиндегі жұлдыз» атты жаңа жобаның шымылдығын Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері, әнші Жұбаныш Жексенұлы ашты.
"Ел басына түсіп отырған бұл уақытша қиындықтан да аман-есен өтеміз. Ең бастысы- еліміз аман болсын. Әлемге таралып отырған осы індеттен аман шықсақ Қазақстанның өңірлерін аралап, концерт береміз",-деді Ж.Жексенұлы.
Қоңыр дауысты, жүрекке жылы үнімен, әсем әуенді әндерімен көрерменнің ықыласына бөленген өнер иесі тыңдарман қауымға Абайдың "Желсіз түнде жарық ай", "Дәстүрлер-ай"(Н.Адамбеков), "Нұрикамал"(Х.Есенғараева), "Ойламаңдар, жігіттер" (Ж.Кәрменов), "Ауылым"(Б.Ауданбаев), "Өкінбе сен" (Ш.Сәриев), Мұхида Шайбан" (Халық әні), "Жолдар" және т.б. әндерді тарту етті. Онлайн концертке әнші Әбілхайыр Жексен де қатысып, өнер көрсетті.
"Дәл қазіргідей шектеулі уақытта халықтың көңілін аулап, жаңа форматта концерт беру ойымда болмаған еді. Дегенмен әзірге жақсы күндерде жүздескенше деймін. "Қазақтелеком" АҚ басшылығына, ҚР Мәдениет және спорт министрлігіне осы сауапты іске мұрындық болғаны үшін алғыс айтамын",-деді Жұбаныш Жексенұлы.
Айта кетейік, Ж.Жексеннің концертін интернет желісінде бір мезетте 1783 адам қараған.
Google Analytics есептеуішінің мәліметтеріне сүйенсек, онлайн нұсқадағы тұңғыш концертті Қазақстаннан бөлек Ресей, Түркия, АҚШ, Финляндия, Қытай, Моңғолия, Украина, Польша және т.б. мемлекеттерде тұрып жатқан қандастарымыз да тамашалаған.