Қазақстандық жұп Беларусь Үлкен театрының сахнасында өнер көрсетеді

Қазақстандық жұп Беларусь Үлкен театрының сахнасында өнер көрсетеді

«Астана Опера» солисі Анастасия Заклинская мен театрдың балет труппасының артисі Диас Құрманғазы 29 қаңтарда Беларусь Үлкен театрының сахнасында А.Аданның «Жизель» балетінде басты партияларда өнер көрсетеді. Дирижер тұғырында – маэстро Юрий Караваев (Беларусь).

Елес қыздар жайлы көне мистикалық аңыз желісі бойынша жазылған «Жизель» балеті әрдайым зор танымалдылыққа ие, өйткені онда зор махаббат, үлкен күнә, шынайы кешірім мен өзін-өзі құрбан ету секілді мәңгілік тақырыптар қозғалады. Алайда асқақ өнерді ұнататын жандардың біразын шынайы әлеммен тұтасып жатқан беймәлім қиял-ғажайып әлем қызықтырады. Осылайша, шыр көбелек айналған елес қыздар көпшілікті қатыгез кек пен мөлдір махаббат күрескен әдемі билерімен таңғалдырады. «Астана Опера» солисі Анастасия Заклинская басты кейіпкерді қайғыдан не құтқаратынын айтып берді.

– Шын махаббат қана бәрін жеңе алады. Сахнаға Жизель партиясын орындауға әркез зор толғаныспен шығамын. Бұл балет өзіме қатты ұнайды, осы спектакльде бастан кешіретін эмоцияларым әркез әртүрлі. Жеңіл партия деп айта алмаймын, техникалық тұрғыда күрделі болуымен қатар, бұл драмалық балетте бейненің эмоционалдық қанықтығын түгел жеткізу өте маңызды. Сондай-ақ мұның Диас үшін де, мен үшін де балеттегі жетекші партияларды басқа труппамен орындаудағы тұңғыш тәжірибе болатыны бізге айрықша жауапкершілік жүктейді. Беларусь мемлекетіне барған күні біздің бірге дайындалып, өзге де басты кейіпкерлердің қатысуымен болатын мизансценаларды қарауға және балетті өзімізге жаңа сахнада қайталауға уақытымыз болады, – деді Анастасия Заклинская. – Диас екеуміз жұп болып билеуді осы маусымда ғана бастадық, алғаш рет дәл осы «Жизель» балетінде биледік, ол кезде Диас граф Альберттің рөлінде дебют жасады. Бидегі жұбым ретінде оның айнымайтын сабырлылығы мен сенімділігін атап өткім келеді. Ол үшін бұл мүлде жаңа тәжірибе болғанына қарамастан, біз сахнаға бірнеше мәрте бірге шыққандай сезімде болдық.

Еске сала кетейік, Анастасия Заклинская 2013 жылы А.Я.Ваганова атындағы орыс балет академиясында профессор Людмила Ковалеваның сыныбын тамамдаған. Сол жылы артист Мариинский театрының труппасында еңбек етуді бастады. Үш жыл өткеннен кейін тағдыр оның шығармашылық жолын «Астана Опера» театрымен байланыстырып, ол театрға тағылымгер солист ретінде қабылданды, ал 2019 жылдан бастап Анастасия «Астана Операның» балет солисі атанды.

Сол жылы труппаны А.Селезнев атындағы Алматы хореографиялық училищесінің түлегі Диас Құрманғазы толықтырды. Артист театрдың барлық дерлік балет спектакльдерінде өнер көрсетеді, А.Аданның «Корсар» балетінде бірнеше мәрте Құл Әлидің бейнесін керемет сомдады, сондай-ақ елордалық көрерменге оның М.Петипаның хореографиясында Ц.Пунидің «Сатанилла» балетінен «Венециялық карнавал» па-де-десі ұнаған болатын. Граф Альберттің партиясы Диастың репертуарын өткен жылы толықтырды.

– Балет өзінің керемет сұлулығымен баурап алады, менің ойымша, барлық артистер онда өнер көрсетуді армандайды, мен де солардың қатарында едім. Маған сондай мүмкіндік берілгенде, бастапқыда рөлге ену қиын болды, көп дайындалуға тура келді. Тіпті бос уақытымды да залда өткізіп, музыкалық тұрғыда жұмыс істедім, қалай тұру, сахнада өзімді қалай ұстау керек деген секілді нюанстарды пысықтадым. Бұдан бөлек, маған Жизель мен Альберттің дуэтіндегі уайым, нәзіктік пен кешірімді жеткізу маңызды болды. Партиялардың жеңілі болмайды, барлығының өзіндік техникалық, актерлік тұрғыда қиындықтары бар. Алайда біздің басты мақсатымыз – беларус қауымына зор эмоция сыйлау, сондықтан да онымен кездесетін күнді тағатсыздана күтеміз, – деп қорытындылады Диас Құрманғазы.

Қазақстандық артистер «Жизель» балетінің жаңа редакциясында өнер көрсетеді, оның премьерасы Беларусьте 2022 жылы 28 қыркүйекте өткен болатын.

Балеттің әлемдік премьерасы 1841 жылы 28 маусымда париждік Grand Opera сахнасында өткен. Осыдан кейін мәдени қауымдастық үшін композитор А.Аданның есімі жаңа қырынан ашылды. Оның музыкасы дүниені дүр сілкіндірді, ол билерді ырғақты сүйемелдеуші болып қана қойған жоқ, сонымен қатар жігерлілігімен және көркемділігімен ерекшеленді.

Спектакль сағат 18:00-де басталады.