Бүгін Чили астанасы Сантьягода өткен каратеден 2020 жылғы алғашқы рейтингтік Премьер-лига бәсекесінде 60 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Қайсар Алпысбай жеңімпаз атанды.
Қайсар ақтық сында әлем чемпионы бразилиялық Брозадан басым түсті. Айта кетейік, бұл салмақта Қазақстан атынан 3 спортшы қатысты. Қалған екі отандасымыз Дархан Асаділов пен Еркінбек Байтөреев қола жүлдеге таласып, алғашқысының жеңісімен аяқталды.
Ал 67 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Дидар Әмірәлі үшінші орын үшін өткен бәсекеде венесуэлалық әлем чемпионы Мадераны ұтты. Осы салмақтағы тағы бір қола жүлдеге отандасымыз Асылбек Мұратов ие болды.
84 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Игорь Чехмарев пен 68 келіден жоғары салмақта сынға түскен Софья Берульцева құрама қоржынына кезекті қола жүлдені алып келді.
Сонымен қатар, 75 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде үшінші орынға таласқан Ермек Айназаров Марокко спортшысына есе жіберіп, бестікті түйіндеді.
Қазақстан құрамасының бас бапкері Жасталап Санауов турнир туралы пікірін білдірді.
-«Чилидегі додада Қазақстан атынан 12 спортшы қатысып, 8-і жүлдеге таласты. Менің ойымша, бұл жақсы көрсеткіш. Алдағы уақытта бізді Париждегі кезекті Премьер-лига бәсекесі күтіп тұр. Енді жаттығу жұмыстарын пысықтап, Парижде бұдан да жақсы нәтиже көрсетуге тырысамыз»,-деді бас бапкер.