Аризона штаты университетінің (АҚШ) «Опералық ән айту» мамандығы бойынша магистранты, «Метрополитен-опера» байқауының (2006, АҚШ) өңірлік кезеңінің жеңімпазы Евгений Чайников театр репертуарын белсенді түрде игеріп келеді. «Астана Опера» театрындағы Евгений Чайниковтың сомдап үлгерген образдарының ішінде А.Жұбанов пен Л.Хамидидің «Абай» операсындағы Жиренше рөлі, Дж.Пуччинидің «Тоска» операсынан Скарпиа, Дж.Вердидің «Аида» операсынан Амонасро партиялары көпшіліктің әлі есінде. Американдық консул Шарплес – оның репертуарындағы жаңа кейіпкер.
- Аталған партиямен жас кезімнен бастап жұмыс істедім, оны орындауды бұрыннан армандайтынмын. Алайда, менің кейіпкерімді сезініп, түсіну үшін іштей кемелдену керек еді. Есейген сайын «Мадам Баттерфляй» операсын басқаша түсіне бастадым, бұл жан тебірентер оқиға. Шарплесті бәрінен бұрын адамгершілігі мол, қамқор әке ретінде көремін: ол Пинкертонға махаббатпен ойнауға болмайтынын, өйткені жас Баттерфляй оның сөзіне сеніп, шын мәнінде ғашық болып қалуы мүмкін екенін ескертеді, соңында айтқаны дәл келеді. Шарплеске бас кейіпкермен бірге уайымдап, мұның бәрін сырттай бақылауға тура келеді. Мен қазір вокал жағынан ғана емес, образды ашу бойынша да жұмыс жасап жатырмын: көптеген әлемдік деңгейдегі қойылымдарды көріп шықтым, шындыққа жанаспайтындай болып көрінбес үшін, ең ұтымды тұстарын табуға тырысудамын, - дейді Евгений Чайников.
Бір қызығы, шамамен бір жыл бұрын тұсауы кесілген бұл операда Евгений Чайниковтың ұлы – Никита Чайников Баттерфляйдың ұлының рөлін ойнайды.