Айзада Капонованың Қыз Жібек партиясындағы дебюті

Айзада Капонованың Қыз Жібек партиясындағы дебюті

- Қыз Жібек секілді мен де Ақжайық өңірінің тумасымын. Ұлттық опералардың ішіндегі маған ең жақыны осы. Сол өлкеде туып-өскендіктен, мен жергілікті салт-дәстүрлерді жақсы білемін. Бұл музыка біздің қанымызға сіңген, кішкентай кезімізден бастап бәрімізге де таныс. Үш жасымда-ақ қолыма орамал алып, «Қыз Жібек» операсына енген әндерді шырқайтын едім. Ауданымызда «Қыз Жібек» операсы қойылған кезде, әкем жастық шағында әрдайым Төлеген рөлінде өнер көрсететін. Студент бола тұра, осынау ұлы эпостың екі нұсқасын оқыған едім, ал Қыз Жібек бейнесінде алғаш рет сахнаға төртінші курста шықтым. Бүгінде Жібек партиясын әртістік тұрғыдан ғана емес, вокалдық жағынан да жаңаша орындайтын боламын: осы рөлді соңғы орындау сәтімнен бастап менің дүниетанымым, көзқарасым өзгерді, ойымда жаңа реңктер пайда болды, - деді Айзада Капонова.

Орындаушының алдында атқарар көп міндет бар, бейнені жеткізу аса маңызды. Қыз Жібек – сұлулықтың нышаны. Ол ақылдылық, батылдық және мінездің қайраты сынды қасиеттерге ие болған, ат құлағында ойнаған. Осы партиядағы ең күрделісі – опера соңында қаза тапқан сүйіктісін Жібектің жоқтауы. Өзіннің ішкі-жан дүниеңді қадағалай отырып, көрерменге сезіміңді жеткізе білуің қажет.

Айзада Капонова «Вокалдық өнер» мамандығы бойынша Қазақ ұлттық музыка академиясын тамамдады (профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Қ.Н.Омарбаевтың сыныбы). Әншінің шеберлігі көптеген халықаралық байқаулардағы жеңісімен атап өтілді, ол – «Шабыт» халықаралық шығармашыл жастар фестиваль-байқауының ІІ сыйлық лауреаты (Астана қ.); Халықаралық вокалистер байқауының І сыйлық лауреаты (Алматы қ.); Н.Тілендиев атындағы Халықаралық фестиваль-байқауының Бас жүлде иегері (Астана қ.). Солистің репертуарында опера спектакльдеріндегі басты партиялар, атап айтқанда – М.Төлебаевтың «Біржан-Сара» операсынан Сара, Алтынай, А.Жұбанов пен Л.Хамидидің «Абай» операсынан Ажар, Б.Қыдырбектің «Қалқаман-Мамыр» операсынан Мамыр, Дж.Вердидің «Травиата» операсынан Виолетта, «Риголетто» операсынан Джильда, Ж.Оффенбахтың «Гофман ертегілері» операсынан Олимпия, В.А.Моцарттың «Сиқырлы флейта» операсынан Түн патшайымы, Г.Доницеттидің «Лючия ди Ламмермур» операсынан Лючия рөлдері бар.

Қазақтың алғашқы «Қыз Жібек» операсы 83 жыл бұрын атақты драматург әрі жазушы Ғабит Мүсірепов либреттосының желісі бойынша жасалған еді. Спектакльдің негізіне Жібек пен Төлегеннің қайғылы махаббаты жайлы аттас лиро-эпостық жыры арқау болды. Композитор Евгений Брусиловский партитурада қазақ халық әндерін, күйлерін және Ыбырай, Мұхит, Жаяу Мұса, Тәттімбет сынды халық сазгерлерінің туындыларын пайдаланды. Осындай шығармалардың ең маңыздысы Қыз Жібек ариясы болды, ол шын мәнісінде Ыбырай ақынның «Гәкку» әні болып табылады.

Атап өтер болсақ, Жібек партиясын сондай-ақ Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Жаннат Бақтай да әзірлеп жатыр. Төлеген рөлінде Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Медет Шотабаев, Жан Тапин, Бекежан – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Сүндет Байғожин, Талғат Ғалеев өнер көрсетеді. Шеге – Бейімбет Таңарықов, Рамзат Балакишиев, Базарбай – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жанат Шыбықбаев, Болат Есімханов, Қамқа – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Дина Хамзина, Гүлжанат Сапақова, Қарлығаш – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Айгүл Ниязова, Мәдина Исламова, Батсайы – Малика Минизини, Дүрия – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бибігүл Жанұзақ, Елена Ганжа.

«Астана Опера» Симфониялық оркестрі, хоры және балалар хоры, дирижер – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Абзал Мұхитдинов, бас хормейстер – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ержан Дәуітов. Қоюшы режиссер – Беларусь Үлкен театрының бас режиссері Михаил Панджавидзе, кеңесші – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, философия докторы (PhD) Асхат Маемиров, қоюшы суретшілер – Софья Тасмағамбетова және Павел Драгунов, қоюшы балетмейстер – Мукарам Авахри, балалар студиясының жетекшісі – Алтынғаным Ахметова.

Спектакльдердің басталуы сағат 18.00-де.