Қ.Жұмалиевтің либреттосына жазылған М.Төлебаевтың лирикалық-драмалық операсы алғаш рет 1946 жылдың 7 қарашасында Абай атындағы Қазақ опера және балет театрында ұсынылған еді. 72 жыл ішінде «Біржан – Сара» операсы халықаралық атаққа ие болды: 1958 жылдың 6 желтоқсанында Мәскеудегі қазақ өнерінің он күндігінде көрсетілді. Берлин мен Дрезденде үлкен жетістікке ие болды (1986). Кейін либретто түрік тіліне аударылды да, спектакль 2013 жылы Самсунде, сондай-ақ 2014 жылы Ыстамбұл, Бурса, Эскишехир мен Анкарада өтті. Сол жылы «Астана Опера» театрының труппасы бұл операны Ресейдегі Мариин театрында орындады.
«Біржан – Сара» қазақ опера өнерінің төлтума мұрасы. Елордалық театр ұлттық классиканың осынау жауһар туындысына жаңа тыныс, жаңа дем беріп, жандандыруға бел буды. Соңғы заманауи театралдық технологиялардың арқасында, опера сахнаның техникалық мүмкіндіктеріне бейімделіп, қойылым тобының бүгінгі таңдағы бірегей шешімдері іске асырылады.
Қойылым тобының құрамықоюшы режиссер: – PhD докторы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері А.Маемиров және кеңесші режиссер – Беларусь Үлкен театрының бас режиссері, Г.Тукай атындағы Татарстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты М.Панджавидзе, қоюшы дирижер – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері А.Мұхитдинов, балетмейстерлер – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Т.Нұрқалиев, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері А.Тәти. Қоюшы режиссердің ассистенттері – Е.Нұрсұлтан, Е.Тойкенов. Қоюшы суретшілер мен сценографтар – С.Тасмағамбетова мен П.Драгунов. Музыкалық редактор – Т.Жармұқамет. Жарық бойынша суретші – Я.Пантани. Проекциялар бойынша дизайнер – С.Металли. Бас хормейстер – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Е.Дәуітов.
Жаңа режиссерлік нұсқа бұрынғыларынан көлемінің ауқымдылығымен өзгешеленеді. Демек, барлық сахна кеңейтіледі деген сөз. Көрермен назарына жәрмеңке серуенінің барлық түрлі атрибуттары ұсынылады деп күтілуде, ал шын мәніндегі тыныс-тіршілікті жеткізу үшін спектакльге жануарлар қатысатын болады.
Бұдан өзге, спектакльдің тұжырымдамасы барлық кейіпкер бейнелерін біржақты баяндаудың жоқтығымен ерекшеленеді. Бұл дүниеде орын алмаған Біржан мен Сараның махаббаты жайлы оқиға көрерменге ұсынылады. Дәстүр бойынша, опера басты қаһарманның қазасымен аяқталады, дегенмен қоюшылар үміт отын жағып, құрбандыққа шалынған махаббаттың бекер еместігін көрерменге жеткізуді қалайды. Біржан мен Сараның хикаясы мыңдаған ұрпақтың бірігуіне мүмкіндік беріп, ерекше іс-қимылға қозғау салатын махаббаттың ұлы құдіреті туралы естелікпен халық жадында мәңгі қалады.
Мүмкін еместің бәрі де іске асты
Эскиздерге қарап, декорациялардың осыншама кереметін іс жүзінде жасап шығу мүмкін еместей көрінеді. Спектакльде алғаш рет таңғаларлық технологиялар қолданылды: адам сенгісіз, бірақ сахнада бірнеше тонна су пайдаланылатын болады. Қазақ жерінің сұлу табиғаты қатты декорацияларда да, сонымен қатар 3D проекцияларда да көрініс табады, бұл спектакльдің кинематографиялық әдіспен жасалғанын бір атап өткен жөн.
Софья Тасмағамбетова мен Павел Драгунов 2017 жылдың күзінде-ақ эскиздер бойынша жұмысты бастап кеткен еді. Суретшілердің айтуынша, ұлттық қойылымды қолға алу оңай болмаған. Сценографтардың қателікке жол беруіне құқығы жоқ, олар ұлттық стилистиканы бұзбай, оған жаңалықты енгізіп, көрерменнің таңданысын тудыруы қажет.
- Әрқайсысы 48 әртістен тұратын үш балет көрінісіне арналған киімдерді жасау бойынша қыруар жұмыс атқарылды. Хор әртістеріне арналған киімдер бай әрі керемет жарқын жасалды. Сондықтан алдымызда басты міндет болды – бас кейіпкерлердің бейнелерін одан әрі қанық, әсерлі, көркем ету. Біржанның бекзат киімі оның мәртебесі мен жасын көрсетуде. Сараның той көйлегі өте нәзік жасалды. Қамзолы ұлттық нақышта тігіліп, алтын түсті металл әшекейлермен көмкерілген. Қалыңдықтың өзі асыл тастай болғанын қаладық. Маталардың фактурасы жаңа технологиялық мүмкіндіктердің есебімен таңдалған, заманауи материалдар өте сапалы және олардың түс гаммасы сан алуан, - деді Софья Тасмағамбетова мен Павел Драгунов.
Бутафорияны жасау үшін жарты жылға жуық уақыт жұмсалды. Шеберлер жаңартылған технологиялар бойынша жұмыс жасады. Орындықтар, шкаф, сандықтар салынған өрнектермен емес, фрезер станогы арқылы жасалып, оюлары кесілген бедерлі айшықтармен әшекейленген. Бұдан бөлек, металл бойынша, сонымен қатар он шақты құмыра жасау бойынша күрделі қыш жұмыстары атқарылды. Осынау спектакльде бедер салу көп қолданылады: барлық белбеу, белдік, қайыстар күрделі өрнекпен безендірілген, әрбір бөлшекті жасауда бутафорлар 3 сағаттан астам қажырлы еңбек етеді. Ал осындай белдіктердің саны жүзден асады. Найзалар мен жебелер – осыларды да бутафорлардың ерлер тобы жасауда. Таза ағаштан жасалған еден үсті сағаты ерекше назарда. Ұсақ бөлшектерін қолмен жасау үшін шеберлерге ұсталық икемдері қажет болды. Патефон да айрықша көзге түсуде, ойнамаса да ол өте шынайы көрінеді, оның міндеті – сол дәуірдің бейнесін жеткізу.
Жоғары мәнге ие майталмандық
Әртістердің әртүрлі көріністерде тұрмыстық заттарды пайдалана отырып, бейнеге бой үйретуі үшін бутафория дайындық залдарына жөнелтілді.
Біржанның рөлін кез келген әнші алып шыға алмайды, ол соншалықты күрделі, ауқымды, барлық күшті жұмылдыруды талап етеді. Оны көптеген халықаралық байқаулардың лауреаттары Мейір Байнеш пен Бейімбет Таңарықов дайындауда. Ерекше дарынды әнші Мейір Байнеш бұл партияны «Астана Опера» сахнасында бірнеше рет тамаша орындаған. Бейімбет Таңарықов шығармашылық мансабы жолында Біржанның рөлінде өнер көрсетіп келеді. Солист ым-ишараны сәтті қолданып, әр сөзге мән береді. Вокалистің партияға дайындығын алмазды өңдеп, гауһар тасқа айналдыру үдерісімен салыстыруға болады. Солист әдемі тембр мен таңғаларлық әртістік шеберлікке ие.
Сараның рөлі Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, опера сахнасының примадоннасы Майра Мұхамедқызы үшін дебют болмақ. Тамаша сопрано, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Жаннат Бақтай бұл операда қызғаншақ Алтынайдың партиясын орындаған еді, ол да Сараның бейнесін алғаш рет сомдайтын болады.
- Менің армандарым орындалады, бұрыннан осы рөлде өнер көрсеткім келген, бірақ бұл үшін өзімді әлі пісіп-жетілген жоқпын деп есептейтінмін, өйткені аталған бейнені сомдау үшін жеткілікті тәжірибе қажет екендігін түсінетінмін. Сара өр мінезді батыл қыз. Вокалдық тұрғыдан бұл классикалық орындаушылықты талап ететін күрделі партия. Мұқан Төлебаевтың «Біржан – Сара» операсын Дж.Пуччинидің үлкен динамикаға толы операларымен салыстырамын. Әрбір сөз түсінікті болуы үшін, итальяндық мәнерде орындап шығуға тырысамын, - деді Майра Мұхамедқызы.
Қоюшы дирижер Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Абзал Мұхитдинов кез келген сахналық музыкалық спектакль өміршеңдігін сақтап, қажеттілігін жоймауы үшін уақыт талабына толыққанды түрде сай болуы тиіс екендігін атап өтті.
- Бір жылдан астам уақыт бұрын қойылған «Абай» және «Қыз Жібек» опералары әлі күнге дейін аншлагпен өтуде. Алайда, «Біржан – Сара» операсы үшін жаңа сахналық шешім қабылдайтын мерзім жетті. Композитор Мұқан Төлебаевтың музыкасы табиғатынан өте жарқын, әсем әрі әуезді, оның кәсіби түрде вокалмен айналысқаны белгілі. Композитор «Біржан – Сара» операсында халық ақынының музыкалық дәйексөздерін пайдаланған, «Айтпай» әні бас қаһарман бейнесінің экспозициясы болып табылады, - деп бөлісті Абзал Мұхитдинов. Сонымен қатар, маэстро «Астана Операның» репертуарында жоғары әлемдік деңгейде қойылған қазақ опера өнерінің үш бірдей жауһары бар екендігін, бүгінгі таңда қазақ операсы гүлдену кезеңін өткеріп, тыңдармандардың сұранысына ие болып отырғандығын ерекше атап өтті.