XIX ғасырдың вокалдық лирикасындағы жеке жан толқынысы мен көңіл-күй әлемін тыңдармандарға тамаша өнерпаз әртістер – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Жәмилә Жарқымбаева (сопрано) және Жан Тапин (тенор), халықаралық байқаулардың лауреаттары Татьяна Вицинская (меццо-сопрано), Азат Мәлік (баритон) ашады. Көрермендер сондай-ақ дарынды виолончельші, халықаралық байқаулардың лауреаты Асқар Мұқановтың өнерін бағалай алады. Фортепиано партиясында – халықаралық байқаулардың лауреаты Раушан Бескемпірова.
Мазмұнды концерттік бағдарламада Михаил Глинканың, Петр Чайковскийдің, Николай Римский-Корсаковтың, Сергей Рахманиновтың опералық және камералық-вокалдық шығармашылығы ұсынылатын болады. Осындай ұлы композиторлардың көптеген туындылары бүгінгі күнге дейін әртүрлі елдердің көрермендері арасында үлкен сұранысқа ие болып, өзінің құндылығымен тыңдармандар мен музыканттарды таңдандырып келеді.
Барлығымыздың сүйікті романстарымыз – М.Глинканың «Сомнение», «В крови горит огонь желанья», «Адель» П. Чайковскийдің «Скажи, о чем в тени ветвей», «Средь шумного бала», «Примирение», Н. Римский-Корсаковтың «Нимфа» және тағы басқа көптеген туындылар шырқалады. Атақты опералардан үзінділер де орындалатын болады, П.Чайковскийдің «Евгений Онегин» операсынан Ленскийдің ариясы, Н.Римский-Корсаковтың «Патша қалыңдығы» операсынан Марфаның ариясы, «Садко» операсынан үндістандық қонақтың жыры, «Мамыр түні» операсынан Левконың ариясы және т.б.
Елорда тұрғындары мен қонақтарына ұсынылған шығармалар шынайылығымен, тереңдігімен, көркемдігімен, эстетикалық әсерлілігімен ерекшеленеді. Солистер осы кеште Камералық зал сахнасына ерекше сезіммен шығатынын атап өтті. Олардың міндеті– көрермендерге автордың түпкі ойына сәйкес туындының бар қыр-сырын жеткізу, әрбір шығарманың өзгешелігін, шағын бөлшегін немесе музыкалық екпінін барынша дәл беру.