Nomad Way 2018 халықаралық көшпенділер мəдениетің фестивалі Астанада өтеді

Nomad Way 2018 халықаралық көшпенділер мəдениетің фестивалі Астанада өтеді

Көшпелі халықтардың мəдени мұрасын сақтап, кеңінен таратуды мақсат еткен Nomad Way 2018 көшпенді мəдениеттің халықаралық фестивалі елордада маусымның 22 мен 24 аралығында Есіл өзені жағасындағы амфитеатрда өтеді.  Іс-шараны Қазақстан Республикасының Мəдениет жəне спорт министрлігі The Spirit of Tengri жобасымен бірлесе Астана қаласының 20 жылдығы аясында ұйымдастырып отыр.

Nomad Way көшпенді мəдениеттің халықаралық музыкалық фестивалі бүгінде еліміздегі ең жарқын мəдени мерекелердің біріне айналды. Шараны 2017 жылы The Spirit of Tengri жобасы ҚР Мəдениет жəне спорт министрлігінің қолдауымен ұйымдастырды.

Жыл сайын Қазақстан Ұлы Дала жеріндегі бауырлас халықтардың музыкалық мəдениетінің өкілдерін қарсы алады.

Биыл Nomad Way фестивалі көрермен назарына ethno-world жанрының ең танымал орындаушылары қатысатын 3 күндік шоу ұсынбақ.

Бұл фестивальдың басты ерекшелігі - əлемнің 20 мемлекетінен келетін əртістер негізгі бағдарламаларынан бөлек, қазақтың халық əндері мен шығармаларын да орындайды.

Фестиваль қонақтары мен көрермендері тек қана жанды дауыс, керемет жарық шоуы, дəстүрлі аспаптардың үніне толы, келушілерге ерекше энергия сыйлайтын 3 күндік музыка мерекесіне куə болады. 

Фестиваль көшпенді халықтардың мəдени мұрасын сақтап, танымал етуді мақсат тұтады.

Nomad Way фестивалінің қатысушылары өз елдерінің музыкалық мəдениетінің ең атақты өкілдері.

Биыл Астананың 20-жылдығына орайластырылып отырған Nomad Way 2018 фестивалінің сахнасына  Еуразия құрлығының түкпір-түкпірінен келген 19 өзгеше музыкалық ұжым шығады.

 

Қатысушылар құрамы (19 ұжым):

Aldaspan (Қазақстан)

Tilla Török's Band (Мажарстан)

Арғымақ (Башқұртстан)

Gulzada (Қырғызстан)

Abbos (Өзбекстан)

Namgar (Бурятия)

Radik Tyulyush & Chalama Project (Тува)

Ислам Сатыров (Ставрополь аймағы)

Khoomei Beat (Тува)

Zaman (Башқұртстан)

Shono (Бурятия)

Baba Zula (Түркия)

Болот Байрышев & Белуха Jam (Алтай)

Avesto (Тəжікстан)

Группа «Айархаан» / Чылтыс Таннагашева / DJ Nariman Issenov (Якутия / Таулы Шория / Қазақстан)

Svjata Vatra (Украина / Эстония)

Yedil & Satzhan project (Қазақстан)

Huun Huur Tu & DJ Carmen Rizzo (Тува / АҚШ)

 

Nomad Way 2018 көшпенді мәдениеттің музыка фестивалін қазақстандық «Алдаспан» этно-рок тобы ашады. Бұл – электр домбыраларда ойнайтын бірегей ұжым. Топтың атауы айтып тұрғандай, өнер ұжымы әндерінің басым бөлігі ер-азаматтардың намысын оятып, рух беруге бағытталған. Топ репертуары батырлардың ерлігін жырлайтын, күш-жігерге толы көне түркі әскери эпостар мен жыр-дастандардан тұрады.

 AVESTO – өз елінің ең танымал этно-джаз ұжымдарының бірі. AVESTO музыкасы стилі жағынан әр алуан: онда дәстүрлі әуендер де, заманауи свинг те, "джаз-рок", модальды джаз, "би-бо", "фри-джаз" да бар. Топ өз шығармашылығында заманауи джаз музыкасын шығыстың этникалық әуендерімен әдемі үйлестіреді.

 «Арғымақ» этно-рок тобы - Башқұртстанның заманауи этникалық музыкасындағы көшбасшы ұжым. Өз шығармашылығында башқұрттың курай, думбыра, кубыз, кыл-кубыз секілді дәстүрлі аспаптарын, көмеймен ән айту шеберлігін гитара, бас, ұрмалы аспаптармен және әлемнің түрлі елдерінен жиналған этникалық аспаптармен қатар қолданады.

Nomad Way фестивалінде қырғыздың музыкалық мәдениетін осымен әнші Гүлзада ұсынбақ. Гүлзада Рысқұлова өз шығармашылығында қырғыздың дәстүрлі музыкасын түрлі жанрлармен үйлестіре отырып, орындайды. Халық әндерін рок, джаз, электроникамен әрлеп, шебер шырқайды.

Abbos ұжымы Nomad Way көшпенді мәдениеттің музыкалық фестивалінде өзбектің музыкалық мұрасын паш етеді. Abbos тобының шет мемлекеттерде танымал болуына бірден-бір себепкер – оның негізін қалаушы, дойра мен өзге де халық аспаптарының майталманы Аббос Касимов. Ұжым мүшелері карнай, сурнай, рубоб пен танбур сияқты аспаптарды да қолданады.

Биыл Nomad Way көшпенді мәдениеттің музыкалық фстивалінде буряттардың музыкалық мәдениетін тағы да Namgar жобасы ұсынады. Топтың атауы ұжым вокалисі Намгар Лхасаранованың есімімен байланысты қойылған. Ол – керемет әнші ғана емес, буряттың үні ерекше ұлттық аспабы – ятагада ойнайтын майталман музыкант.

Nomad Way фестивалінің екінші күнінің шымылдығын әйгілі тувалық музыкант, көмеймен ән айтудың хас шебері Радик Тюлюш пен оның Chalamа атты жобасы ашады. Тувалық жұлдызды бас-гитарист Сергей Калачев пен үнді дауылпаздары-таблада ойнайтын музыкант Геннадий Лаврентьев сүйемелдейді.

 

 

Nomad Way көшпенді мәдениеттің музыка фестивалінде алғаш рет Ислам Сатыров өнер көрсетеді. Музыкант өз бастауын Алтын Орда дәуірінен алатын, тарихы терең түркітілді көне тайпа – ноғай этносының мәдениетін паш етпек. Ислам Сатыровтың шығармашылығы – этника мен заманауи музыкалық стильдердің синтезі. Музыкант шығармаларының басты тақырыбы – тарихи-патриоттық композициялар мен махаббат лирикасы.

Тувалық музыканттардың жаңа буын өкілдері - Khoomei Beat ұжымы Nomad Way көшпенді мәдениеттің музыка фестивалі сахнасына алғаш рет шығады. Музыканттар экспрессивті рок пен жеңіл поп-музыканы микстеу шеберлері.

ZAMAN этно-жобасы - World Music жанрында өнер көрсететін және көбіне тек башқұрт тілінде ән шырқайтын топ. Топ репертуары авторлық композициялар мен башқұрттың заманауи өңдеуден өткен халық әндерінен тұрады.

Бурятиядан келген Shono тобы Nomad Way көшпенді мәдениеттің музыка фестиваліне екінші рет қатысқалы отыр.

Топтың негізін қалаушы – әнші, әрі көмеймен ән айту өнерінің майталманы

Александр Архинчеев. Оған қоса, Александр ішекті этникалық аспаптар: морин-хур, сух-хур және үрмелі аспап лимбэде ойнайды.

Қазақстандық көрерменнің ерекше ықыласына бөленіп үлгерген Түркияның әйгілі BaBa ZuLa ұжымы Nomad Way көшпенді мәдениет фестивалінде тағы да өнер көрсетеді. Топтың әр өнер көрсетуі – ерекше рәсім. Ол – музыка, би мен поэзияның үндестік табуы. Түрік ұжымы венециялық биеналле, Дания, Чикаго, Берлин мен Амстердамда өткен «Roskilde» фестивальдары сияқты әлемдік шараларға қатысқан.

Болот Байрышев – Алтай Республикасы мен Ресей Федерациясының еңбек сіңірген әртісі. Алтайдың «кай» атты көмеймен ән айту техникасын және барлық ұлттық аспаптарды меңгерген. БЕЛУХА JAM — дәстүрлі Алтай музыкасын заманауи рок-өңдеуде орындайтын Таулы Алтайдан шыққан музыкалық ұжым.

Музыканттар Алтай халқының ұлттық эпостарын, «алкыш» деп аталатын шығармаларын және орыс, алтай тілдеріндегі авторлық әндерді орындайды.

Мажардың халық музыкасында классикалық скрипкамен қатар, мажарша «кобоз» деп аталатын лютня аспабының орны ерекше. Топ солисі Tilla скрипканы да, лютняны да тамаша меңгерген.

Tilla Török  мажардың халық музыкасы, көшпелі халықтардың әуендерін заманауи өңдеуден өткізіп, тыңдарманға ұсынады.

«Айархаан» тобы – көптеген халықаралық конкурстардың, этникалық фестивальдардың лауреаты. Тек қана дауыс пен хомус аспабының арқасында музыканттар жан-жануарлардың, құстардың, табиғаттың дауысын шығара алады.

Чылтыс Таннагашева – Таулы Шорияда көмеймен ән айту техникасын меңгерген алғашқы  әйел адам. Музыкант – бірқатар байқаудың жүлдегері: 2008 жылы "Устуу-Хурээ" атты жанды дауыстағы халықаралық фестиваль 2008 – Тыва р.; Сібір, Солтүстік және Қиыр Шығыс халықтарының "Икенипке" фестивалі 2009 – Мәскеу; "Риду риду" Халықаралық фестивалі 2014 - Норвегия.

The Spirit Of Tengri және Nomad Way фестивальдарында түрлі этно-музыканттармен бірге өнер көрсетіп, көрермендерді ерекше туындылармен тәнті еткен қазақстандық DJ Nariman Issenov биыл да көшпенді мәдениеттің фестиваліне атсалысады. Үшінші концерттік күні ол сахнаға якутиялық «Айархаан» триосымен және Таулы Шориядан келген өте талантты орындаушы Чылтыс Таннагашевамен бірге шығады.

«Svjata Vatra» – эстон-украиндық “fire-folk” тобы. Украина мен Эстония музыканттары қосылған ұжым халық музыкасын, Балтық мелодияларын ойнайды.

Эстониядағы концерттерінен бөлек, Svjata Vatra Франция, Ресей, Украина, Швеция, Финляндия, Латвия, Германия, Чехия, Румыния, Нидерланд сахналарында өнер көрсеткен.

Қазақстандық көмеймен ән айту шебері, әрі қазақтың көне музыкалық аспаптарын меңгерген майталман музыкант Еділ Құсайынов Nomad Way музыкалық фестивалінің сахнасына тағы да шығады. Еділ Құсайыновтың шығармашылығы – көне мен жаңаның үндестігі, ерекше синтезі.

"Хуун-Хуур-Ту" тобына ғана тән әуендерді бүкіл әлемдегі музыка сүйер қауым біледі. Музыканттар тувалық дәстүрлі әндерді тыңдарманға ерекше әсер ете отырып орындайды. "Хуун-Хуур-Ту" шығармашылығының басты ерекшелігі – тувалық көмеймен ән айту өнері. Осыдан бірер жыл бұрын "Хуун-Хуур-Ту" АҚШ-та аса танымал  диджей Carmen Rizzo-мен бірге жұмыс жасай бастады. Carmen Rizzo "Грэмми" жүлдесіне екі мәрте номинант болған. "Хуун-Хуур-Ту" тобымен бірге жоба жасауды диджейжің өзі ұсыныпты.

 The Spirit of Tengri фестиваліне қатысты мəлімет

The Spirit of  Tengri  -  заманауи этникалық музыка жанрындағы  ең ірі əлемдік жобалардың бірі, ұлттық ауқымдағы мəдени бренд мəртебесіне ие болған мульти-мəдени жоба.

Оның мақсаты – Ұлы Дала жəне күллі əлем халықтарының мəдени мұрасымен таныстыру, Қазақстан жерінде заманауи этникалық музыка өнері жұлдыздарының басын қосу.

Жобаның негізін 2012 жылы Tengri FM ұлттық радиостанциясы қалады. Қазіргі уақытта фестивальға қатысушылар қатарында əлемнің 70-тен астам мемлекетінен шыққан музыкалық ұжымдар бар. Фестиваль өткізілген уақыт аралығында шараны 100 мыңнан астам адам тамашалады.

The Spirit of Tengri жобасы аясындағы концерттер – ақпараттық-көркем материалдармен, видео-контентпен əрленетін музыкалық шоу. Яғни, концерттердің ойын-сауықтық қана емес, танымдық маңызы бар.