Жапонияның Айти-Нагоя қалаларында өтіп жатқан XX жазғы Азия ойындарының алғашқы жарыс күні аяқталды. Бірінші күннің қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасы төрт алтын және екі қола медаль еншілеп, жалпы алты жүлдеге ие болды.
Қазақстан қоржынына алғашқы алтынды велоспорттан Рината Сұлтанова салды. Ол әйелдер арасындағы жекелей уақыт жарысында топ жарып, 36:23.72 нәтижесімен Азия ойындарының чемпионы атанды.
Тас жолдағы велоспорттан тағы бір алтынды Алексей Луценко жеңіп алды. Қазақстандық спортшы ерлер арасындағы жекелей уақыт жарысын 41:24.05 нәтижесімен бірінші болып аяқтады. Бұл Луценконың Азия ойындарындағы мансабындағы бесінші алтыны.
Сондай-ақ ел қоржынына тағы екі алтынды каратэшілер салды. 55 келіге дейінгі салмақта кумитеден Жоламан Биғабыл Азия ойындарының жеңімпазы атанды. Финалда ол Өзбекстан өкілі Хумоюнмирзо Халимовты 9:1 есебімен сенімді жеңді.
Каратэден тағы бір алтынды Софья Берульцева иеленді. 68 келіден жоғары салмақтағы финалда қазақстандық спортшы Таиланд өкілі Маниаан Бутсуванды 8:0 есебімен ұтып, Азия ойындарының екі дүркін чемпионы атанды.
Қазақстан құрамасының қоржынына алғашқы қола медальді триатлоннан Арлан Жанабай салды. Ол ерлер арасындағы жекелей сында 53:11 нәтижесімен мәреге үшінші болып жетті. Қазақстанның тағы бір өкілі Аян Бейсенбаев тоғызыншы орын алды.
Қазіргі бессайыстан командалық есепте Қазақстан құрамасы қола жүлдеге ие болды. Құрама сапында Темірлан Әбдірайымов, Тихон Варехин және Лев Чувашов сынға түсті. Жекелей финалда Әбдірайымов жетінші, Варехин тоғызыншы, ал Чувашов 13-орынға тұрақтады. Кирилл Стадник жарысты 18-орынмен аяқтады.
Бірінші жарыс күнінің қорытындысы бойынша Қазақстанның бірнеше спортшысы келесі кезеңге жолдама алды.
Ушу-саньдадан 75 келіге дейінгі ерлер арасындағы ширек финалға Абдурашид Абдуллаев, ал әйелдер арасында 52 келіге дейінгі салмақта Аян Тұрсын өтті. Тұрсын 1/8 финалда Түрікменстан өкілі Бибимәриям Ақмұхаммедованы жеңсе, Абдуллаев Лаос спортшысы Тунчалеун Анонгтан басым түсті.
Аралас жекпе-жектен (ММА) Қазақстанның үш өкілі жартылай финалға шықты. 71 келіге дейінгі modern MMA санатында Қадырбек Шынбаев Бахрейн өкілі Құрбан Идрисовты жеңді. 65 келіге дейінгі traditional MMA санатында Санжар Әділов ирандық Афшин Салими Тупгардан басым түсті. Ал 77 келіге дейінгі traditional MMA санатында өнер көрсететін Еркінғали Бүркіталин ширек финалда Оңтүстік Корея өкілі Юн Тэёнды жеңді. Жартылай финалдық жекпе-жектер 21 қыркүйекте өтеді.
Бұдан бөлек, жарыстың алғашқы күнінде Қазақстан өкілдері спорттың басқа да бірнеше түрінен сынға түсті.
Үстел теннисінен Қазақстанның ерлер құрамасы топтық кезеңдегі екінші жеңісіне қол жеткізді. Олар Сингапур құрамасын 3:1 есебімен ұтты. Бұған дейін қазақстандықтар Бангладешті 3:0 есебімен жеңген еді. Әйелдер құрамасы алғашқы кездесуінде Оңтүстік Кореядан 0:3 есебімен жеңілді.
Қазақстанның су добынан әйелдер құрамасы турнирді жеңіспен бастады. Алғашқы кезеңде жерлестеріміз Сингапурды 12:7 есебімен жеңді. Әйелдер арасындағы волейбол турнирінің ширек финалында Қазақстан Оңтүстік Кореяға 0:3 есебімен жол берді. Гандболдан ерлер құрамасы алғашқы матчта Бахрейннен 20:43 есебімен жеңілсе, баскетболдан 5х5 форматындағы әйелдер құрамасы Жапониядан 23:88 есебімен ұтылды.
Жағажай волейболынан Сергей Богату мен Кирилл Гурин Индонезия өкілдерін 2:1 есебімен жеңді. Ал Мұхаммад Абдулмажид пен Дмитрий Яковлев жұбы Жапония дуэтінен 1:2 есебімен жеңілді.
Жүзуден Айбат Мырзамұратов 200 метрге кешенді жүзуден финалға өтіп, шешуші жарыста 2:00.37 нәтижесімен жетінші орын алды. Максим Клименко, Әділбек Мусин және Александр Румынский іріктеу кезеңіндегі жарыстардан кейін өз өнерлерін аяқтады.
Әйелдер арасындағы 10 метр қашықтықтан пневматикалық мылтықпен нысана көздеуден Александра Ле, Елизавета Безрукова және Софья Шульженко бастаған Қазақстан командасы алтыншы орын алды.
Әйелдер арасындағы жекелей триатлон жарысында Диана Ержанова 1:04:13 нәтижесімен 17-орынға ие болды.
Әйелдер арасындағы қазіргі бессайыстан Юлиана Петрова, Аяна Қазбекова және Диана Щедрова тиісінше 14, 17 және 18-орындарды иеленді. Командалық есепте Қазақстан құрамасы төртінші орын алды.
Осылайша, XX жазғы Азия ойындарының алғашқы жарыс күнінің қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасының еншісінде алты медаль (төрт алтын және екі қола) бар.