
ХХ жазғы Азия ойындарының қарсаңында Жапонияда қатысушы елдердің ұлттық делегацияларын қарсы алуға арналған салтанатты рәсім өтті, деп хабарлайды ҚР Туризм және спорт министрлігі Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі.
Мемлекеттік туларды көтеру рәсімі үш күнге жалғасты. Оның шешуші үшінші күнінде Қазақстан, Өзбекстан, Түрікменстан, Шри-Ланка, Ливан, Таиланд және Филиппин делегациялары қатысты.
Салтанатты шара барысында қатысушы елдердің мемлекеттік тулары көтеріліп, ұлттық әнұрандары орындалды. Сондай-ақ делегациялар мен жарыс қожайындары өзара естелік сыйлықтармен алмасты.
Іс-шара соңында Комитет төрағасының орынбасары Нұрлан Есембаев дәстүрлі ағаш отырғызу рәсіміне қатысты.
Айта кетейік, ХХ жазғы Азия ойындарында Қазақстан ұлттық құрамасы сапында 558 спортшы бақ сынайды. Отандастарымыз жарыс бағдарламасына енген 43 спорттың 35 түрінен жүлдеге таласады.
ХХ жазғы Азия ойындары 2026 жылғы 19 қыркүйек пен 4 қазан аралығында Жапонияның Аичи префектурасы мен Нагоя қаласында өтеді. Жекелеген жарыстар Токио мен Осака қалаларында, Сидзуока және Гифу префектураларында ұйымдастырылады.
Ойындардың ресми ашылу салтанаты 19 қыркүйекте Nagoya City Mizuho Park Athletic Stadium стадионында өтеді.