
Қазақстанда спорт және гимнастика жабдықтарының қауіпсіздігіне қойылатын бірыңғай талаптар бекітілді. Тиісті техникалық регламенттер дене шынықтыру және спортпен айналысуға қауіпсіз жағдай жасауға, сондай-ақ спорт инфрақұрылымының сапасын арттыруға бағытталған. Құжаттарды Туризм және спорт министрлігі бекітті.
Жаңа талаптар спорт жабдықтарын жобалау мен өндіруден бастап, монтаждау, пайдалану, сақтау, тасымалдау және кәдеге жаратуға дейінгі барлық кезеңді қамтиды. Бұл спорт нысандарындағы жабдықтардың сапасы мен қауіпсіздігін бақылауға мүмкіндік береді.
Талаптар футбол, шағын футбол, гандбол және шайбалы хоккей қақпаларына, сондай-ақ батут, қоссырық, бөрене, керме, төсеніш, шығыршық, арқан, швед қабырғасы және басқа да спорт жабдықтарына қолданылады.
«Қауіпсіздік – бұқаралық және кәсіби спортты дамытудың негізгі құрамдас бөлігі. Әсіресе балалар мен жасөспірімдер тұрақты түрде жаттығатын спорт мектептері, секциялар мен дене шынықтыру нысандарында қауіпсіздікті қамтамасыз ету аса маңызды. Бүгінде біз спорт инфрақұрылымын кеңейтіп, қауіпсіздікке қойылатын талаптарды да күшейтіп жатырмыз. Жаңа техникалық регламенттер спорт жабдықтарының сапасына, оларды орнату және пайдалану тәртібіне бірыңғай талаптар қалыптастырады. Бұл – Қазақстандағы спорт инфрақұрылымын заманауи талаптарға сәйкестендіріп, спортшылар мен дене шынықтырумен айналысатын барлық азаматтар үшін қолайлы әрі қауіпсіз жағдай жасау бағытындағы маңызды қадам», – деді Дене шынықтыру және спорт істері комитеті төрағасының орынбасары Руслан Сергазин.
Жаңа талаптар спорт жабдықтарының сапасы мен қауіпсіздігін арттырып, оларды жобалау, өндіру, орнату және пайдалану кезінде бірыңғай тәсіл қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Техникалық регламенттер Сауда және интеграция министрлігі, Ұлттық экономика министрлігі, сондай-ақ басқа да мүдделі мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдармен келісілді.