
Ақтөбе қаласында ауылдық жерлердегі жас спортшылардың басын қосатын Ауыл жасөспірімдерінің V жазғы ойындары өтеді. 16-23 қыркүйек күндері ұйымдастырылатын республикалық додаға еліміздің 17 облысынан 2 500-ге жуық спортшы қатысады.
Ауыл жасөспірімдерінің жазғы ойындары – ауыл жастарын спортқа кеңінен тартуға, бұқаралық спортты дамытуға және өңірлердегі талантты спортшыларды анықтауға бағытталған маңызды жарыстардың бірі. Жоба арқылы ауылдан шыққан жас спортшыларға өз қабілетін республикалық деңгейде көрсетуге мүмкіндік беріліп, болашақ спорт резервін қалыптастыруға жол ашылады.
Бүгінде министрлік ауылдық жерлерде спортпен айналысуға қолжетімді жағдай жасауға ерекше көңіл келеді. 2025 жылы елімізде 147 спорт нысаны пайдалануға берілді. Оның 107-сі ауылдық жерлерде салынды. Бұл бағыттағы жұмыс биыл да жалғасады. 2026 жылы 121 жаңа спорт нысанын іске қосу жоспарланған.
Жалпы республика бойынша 26 мыңнан астам спорт нысаны жұмыс істейді. Спорт инфрақұрылымын дамытудағы негізгі міндеттердің бірі – қала мен ауыл тұрғындары үшін спортпен шұғылдануға тең мүмкіндік қалыптастыру. Бұл, әсіресе, балалар мен жасөспірімдерді спортқа тартуға және ауылдық жерлердегі спорт резервін күшейтуге мүмкіндік береді.
Мұндай жағдайлар бұқаралық спортты дамытуға да оң әсерін тигізуде. Қазіргі таңда елімізде 8,5 миллионнан астам адам дене шынықтырумен және спортпен тұрақты түрде айналысады. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес бұл көрсеткішті 2029 жылға қарай 50%-ға жеткізу көзделген.
Ауыл жасөспірімдерінің V жазғы ойындары осы міндеттерді жүзеге асыруға үлес қосып, жасөспірімдерді спортқа баулуға, саламатты өмір салтын қалыптастыруға және ауылдық жерлерден жаңа спорт таланттарын анықтауға мүмкіндік береді.
Жарыс бағдарламасына спорттың 10 түрі енгізілген: асық ату, 3×3 баскетбол, волейбол, грек-рим күресі, дзюдо, еркін күрес, қазақ күресі, тоғызқұмалақ, үстел теннисі және футзал.
Бір аптаға жуық уақытқа созылатын жарыс барысында жас спортшылар өзара мықтыны анықтап, республикалық деңгейдегі жарыс тәжірибесін жинақтап, спорттық шеберлігін шыңдайды.