«Кендірлі» әуежайы, ЮНЕСКО мұрасы және жаңа туристік нысандар: Маңғыстауда туризм қалай дамып жатыр

«Кендірлі» әуежайы, ЮНЕСКО мұрасы және жаңа туристік нысандар: Маңғыстауда туризм қалай дамып жатыр

Туризм және спорт вице-министрі Мирас Төлебаев Маңғыстау облысына жұмыс сапары барысында өңірдегі туризмді дамытудың Кешенді жоспарының орындалу барысымен, «Кендірлі» әуежайы жобасымен және туристік инфрақұрылымның дамуымен танысты.

Сапар барысында Маңғыстау облысының туристік саласын дамытудың негізгі бағыттары қаралды. Оның ішінде көлік қолжетімділігін арттыру, инфрақұрылымды дамыту, туристік бағыттарды кеңейту, ішкі және келу туризмін дамытуға қолайлы жағдай қалыптастыру мәселелеріне назар аударылды.

Сапар аясында «Кендірлі» әуежайының құрылыс алаңына барып, жобаның іске асырылу барысын көрді. Әуежайдың іске қосылуы өңірдің көлік қолжетімділігін арттырып, туристер ағынын көбейтуге мүмкіндік береді деп күтілуде.

Маңғыстаудың киелі мұрасына да ерекше назар аударылды. Мирас Төлебаев Шопан ата және Бекет ата жерасты мешіттерін, Сартас визит-орталығын, сондай-ақ Шақпақ ата мен Сұлтан үпі киелі кешендерін аралады.

Биыл шілдеде Маңғыстаудың бес киелі нысаны – Бекет ата, Шопан ата, Қараман ата, Шақпақ ата және Сұлтан үпі – ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне «Маңғыстаудың жартас мешіттері және олармен байланысты киелі орындар» нысаны құрамында енгізілді.

Сонымен қатар вице-министр Бозжыра шатқалының туристік әлеуетімен танысып, өңірдегі орналастыру және демалыс орындарын аралады. Атап айтқанда, «Нұр» санаторий-сауықтыру кешені мен Omir Glamping нысандарының туристерге көрсететін қызметтері қаралды.

Бұдан бөлек, Мирас Төлебаев Шайыр ауылына барып, ауылдың 100 жылдығына арналған іс-шараларға құрметті қонақ ретінде қатысты. Сапар барысында ауылдың табиғи ландшафттары мен дәстүрлі мәдениеті этно- және экотуризмді дамытуға мүмкіндік береді. Бұл бағытта жаңа туристік маршруттар қалыптастыруға басымдық берілмек.

Өңірде Кешенді жоспарды іске асыру, көлік қолжетімділігін жақсарту және жаңа туристік нысандарды дамыту Маңғыстаудың туристік әлеуетін арттырып, саяхатшылар үшін ұсынылатын бағыттар қатарын кеңейтуге мүмкіндік береді.