
Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов халықаралық PSG Academy желісінің техникалық директоры Бенжамен Уримен кездесті.
Кездесу барысында Астанада PSG Academy Kazakhstan академиясын ашуға дайындық, балалар мен жасөспірімдер футболын дамыту, отандық жаттықтырушылардың біліктілігін арттыру және жас футболшыларды даярлаудың заманауи халықаралық әдістемелерін енгізу мәселелері талқыланды.
Қазіргі таңда жоба ұйымдастыру және техникалық дайындық кезеңінде. Академияның техникалық басшылығы мен жаттықтырушылар құрамы жасақталған. Отандық мамандар PSG Academy-дің бірыңғай әдістемесі бойынша жұмыс істеп, француз клубының техникалық сарапшыларынан тұрақты түрде әдістемелік қолдау алып отырады.
PSG Academy жүйесінде 17 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан Бенжамен Ури Қазақстанға жұмыс сапарымен келді. Ол балаларды даярлау әдістемесі мен жаттығу үдерісін ұйымдастыруға арналған теориялық оқыту және практикалық сабақтар өткізді.
PSG Academy өкілі отандық мамандардың кәсіби деңгейіне жоғары баға берді. Сондай-ақ Астанадағы спорт инфрақұрылымының жақсы дамығанын және қаладағы спорт алаңдарының бұқаралық спортпен айналысуға қолжетімді екенін айтты.
Кездесу барысында министр балалар мен жасөспірімдер футболын жүйелі түрде дамытудың, білікті жаттықтырушылар даярлаудың, сондай-ақ балалардың спорттық және тұлғалық тұрғыдан дамуына қолайлы жағдай жасаудың маңызын атап өтті.
PSG Academy Kazakhstan академиясының алғашқы оқу-жаттығу орталығы Астанадағы Air Arena спорт кешенінде орналасады. FIFA талаптарына сай жабдықталған жабық футбол алаңында жыл бойы кез келген ауа райында жаттығу өткізуге мүмкіндік бар.
Алғашқы кезеңде академияға 6-14 жас аралығындағы шамамен 300 ұл мен қызды қабылдау жоспарланып отыр. Жаттығулар тәрбиеленушілердің жас ерекшелігі мен дайындық деңгейіне қарай PSG Academy-дің ресми бағдарламасы негізінде өткізіледі. Алдағы уақытта еліміздің өзге де өңірлерінде оқу-жаттығу орталықтарын ашу мүмкіндігі қарастырылады.
Бенжамен Ури Қазақстанның балалар мен жасөспірімдер футболын дамытудағы әлеуеті жоғары екенін атап өтті.
«Спорттық база, білікті мамандар және балалардың футболға деген қызығушылығының артуы Қазақстанның Азия футболындағы орнын одан әрі нығайтуға жақсы негіз қалыптастырады», – деді ол.
Сонымен қатар ол PSG Academy Kazakhstan жобасын жүзеге асыруға академияның негізін қалаушы Алмас Әлсеновтің қосқан үлесін атап өтті. Қазақстан PSG Academy халықаралық желісіне қосылған 24-ші ел атанды. 2005 жылы құрылған академияның бүгінде әлем бойынша 200-ден астам оқу-жаттығу орталығы бар. Жыл сайын бұл орталықтарда 50 мыңнан астам жас футболшы жаттығады.
PSG Academy Kazakhstan академиясының жұмысын бастау күні, қабылдау шарттары мен тіркелу тәртібі барлық дайындық жұмыстары аяқталғаннан кейін қосымша хабарланады.