Астанада UNICEF Charity Run қайырымдылық жүгіру марафоны өтеді

Астанада UNICEF Charity Run қайырымдылық жүгіру марафоны өтеді

20 қыркүйекте елордадағы Ботаникалық бақта Біріккен Ұлттар Ұйымының (БҰҰ) Балалар қоры (ЮНИСЕФ) ұйымдастыратын UNICEF Charity Run 2026 қайырымдылық жүгіру марафоны өтеді.

Іс-шара балаларды қолдауға және Қазақстанда инклюзивті қоғам қалыптастыруға бағытталған. Жүгіру барысында жиналған қаражаттың барлығы ЮНИСЕФ-тің осы бағыттағы бағдарламаларын қолдауға жұмсалады.

UNICEF Charity Run – әлемнің бірқатар ірі қалаларында өткізіліп келе жатқан қайырымдылық жүгіру дәстүрінің жалғасы. Астана биыл бұл халықаралық бастамаға алғаш рет қосылып отыр. Іс-шара балалар мен ересектерді, кәсіби спортшылар мен әуесқойларды, отбасылар мен қоғам өкілдерін ортақ мақсатқа біріктіреді.

Қатысушылар үшін 2, 5 және 10 шақырымдық үш қашықтық қарастырылған. 2 шақырымдық жүгіруге 7-15 жас аралығындағы балалар қатыса алады және олар үшін қатысу тегін. 5 және 10 шақырымдық қашықтықтарға 16 жастан асқан азаматтар қатысады. Балалар мен мүгедектігі бар адамдарды тіркеу ЮНИСЕФ-тің Қазақстандағы платформалары арқылы жүргізіледі.

Бағдарлама 20 қыркүйекте сағат 08:00-де басталады. 10 шақырымдық қашықтыққа жүгіру сағат 09:00-де, 5 шақырымдық жарыс 09:10-да, ал балалар арасындағы 2 шақырымдық жүгіру 09:15-те басталады. Балалар үшін сағат 08:30-дан 12:00-ге дейін арнайы ойын-сауық бағдарламасы ұйымдастырылады.

Жүгіру жиынтықтары 18-19 қыркүйек күндері сағат 09:00-ден 20:00-ге дейін Qazaqstan жеңіл атлетика спорт кешенінде беріледі. Басқа қалалардан келген қатысушылар жиынтықтарын 20 қыркүйек күні сағат 07:00-ден 08:00-ге дейін ала алады.

Іс-шараны ҚР Туризм және спорт министрлігі, Астана қаласының әкімдігі, Спортты қолдау қоры және Қазақстандағы БҰҰ Балалар қоры (ЮНИСЕФ) бірлесіп ұйымдастырады. 5 және 10 шақырымдық қашықтықтарға тіркелу Freedom Ticketon платформасы арқылы жүргізіледі.