Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында көкпардан Қазақстан намысын қорғаған ұлттық құрама ойыншыларымен кездесті

Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында көкпардан Қазақстан намысын қорғаған ұлттық құрама ойыншыларымен кездесті

Министр бүгінгі ойында спортшылардың ел намысын абыроймен қорғап, бар күш-жігерін салғанын атап өтті. Сондай-ақ спортта жеңіс пен жеңіліс қатар жүретінін айтып, ең бастысы — жігерді жасытпай, алдағы халықаралық жарыстар мен басқа да ірі додаларға дайындықты жалғастыру екенін жеткізді.

Айта кетейік, бүгінде Қазақстанда 11 ұлттық спорт түрі жүйелі түрде дамытылып келеді. Ұлттық спорт түрлеріне мемлекеттік қолдау күшейтіліп, оларды дамыту мен спортшыларды даярлау мәселесінде олимпиадалық спорт түрлерімен тең дәрежеде жағдай жасауға басымдық берілуде.

Ербол Мырзабосынов ұлттық құрама ойыншыларына алдағы халықаралық жарыстарда сәттілік пен жаңа жеңістер тіледі.

Ербол Мырзабосынов:

VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындары – бауырлас халықтарды ортақ тарихы, дәстүрі мен ұлттық спорты арқылы жақындастыратын ерекше халықаралық дода.

Осы дүбірлі дода аясында Қырғыз Республикасы Министрлер Кабинетіне қарасты Мемлекеттік дене шынықтыру және спорт агенттігінің директоры Урмат Асанбаевпен кездесіп, Дүниежүзілік көшпенділер ойындарындағы жұмысымызды қорытындыладық.

Кездесуде Урмат Асанбаевқа құрмет көрсетіп, садақ сыйға тарттым. Садақ - көшпенділердің бай мұрасы мен халқымызға ортақ дәстүрдің символы.

Қазақ пен қырғыз – тарихы тамырлас, рухы бір, салт-дәстүрі сабақтас бауырлас халықтар. Осындай халықаралық жарыстар екі елдің спортшылары мен спорт саласының мамандарын жақындастырып, достық байланыстарымызды одан әрі нығайта түседі.

Қырғызстандағы Дүниежүзілік көшпенділер ойындары жоғары деңгейде өтті. Қырғыз ағайындарға қонақжайлығы мен ыстық ықыласы үшін алғыс айтамын!