
Туризм және спорт вице-министрі Мирас Төлебаев жұмыс сапары аясында Ақмола облысы әкімінің орынбасары Ернар Жаркешовпен бірге Щучье-Бурабай курортты өңірінің даму барысымен, негізгі инвестициялық жобалардың іске асырылуымен және туристік инфрақұрылымның жағдайымен танысты. Сондай-ақ өңірдің туристік бизнес өкілдерімен кездесу өткізді.
Кәсіпкерлермен өткен кездесуде 2025-2029 жылдарға арналған Щучье-Бурабай курортты өңірін дамытудың кешенді жоспарын іске асыру, инженерлік және көлік инфрақұрылымын жаңғырту, туристік қызметтердің сапасын арттыру, сондай-ақ Бурабайды жыл бойы демалуға мүмкіндік беретін курорт ретінде дамыту мәселелері талқыланды.
Жұмыс сапары барысында вице-министр Абылай хан алаңында болып, мультимедиялық интерактивті кешеннің жұмысымен танысты. Сондай-ақ Pana Group компаниясының «Абылай хан» қонақүйін қайта жаңғырту, ат қорасы бар этно-кофехана және визит-орталық салу жөніндегі инвестициялық жобаларын көрді.
Мирас Төлебаев «Бөлектaу» қоғамдық кеңістігін, қайық станцияларын және санитариялық-гигиеналық нысанды аралап көрді. Сонымен қатар Алимусиндер көшесін қайта жаңғырту және Громотуха өзені арқылы өтетін көпір салу жобасымен танысып, «Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің №2 бақылау-өткізу пунктіне барды. Ұлттық парктің Жедел басқару орталығында туристердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған шешімдер таныстырылды.
Бұдан бөлек, автотұрақ аумағы мен көпфункционалды Конгресс-орталық салынатын орын, Burabay Grand Village коттедждер қалашығы, Aqbura Resort курорттық аймағы және Үлкен Шабақты көлінің жағалауы қаралды.
«Туристер санын арттырумен қатар, туристік ағынды біркелкі бөлуге, жаңа нысандар мен бағыттарды дамытуға және жыл бойы демалуға мүмкіндік беретін жағдай жасауға баса мән беру қажет. Заманауи инфрақұрылым, жаңа инвестициялық жобалар және қызмет көрсету сапасының жоғары деңгейі Бурабайдың жыл бойы туристерді қабылдайтын орталық ретіндегі әлеуетін нығайтуға мүмкіндік береді», – деп атап өтті вице-министр.
Щучье-Бурабай курортты өңіріне Ақмола облысына келетін туристердің шамамен 86%-ы тиесілі. Жаңа жобаларды іске асыру туристік ағынды қайта бөлуге, ең көп сұранысқа ие аумақтарға түсетін жүктемені азайтуға, демалыс сапасын арттыруға және туристік маусымның ұзақтығын ұлғайтуға жағдай жасайды.