Қазақстан спорт саласындағы халықаралық ынтымақтастықты кеңейтіп келеді

Қазақстан спорт саласындағы халықаралық ынтымақтастықты кеңейтіп келеді

Астанада өтіп жатқан «Болашақ ойындары – 2026» халықаралық мультиспорт турнирі аясында ҚР Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов шет мемлекеттердің спорт саласына жауапты басшыларымен бірқатар екіжақты кездесу өткізді.

Кездесулерге Ресей, Әзірбайжан, Өзбекстан, Қырғызстан, Беларусь, Түрікменстан және Біріккен Араб Әмірліктерінің спорт ведомстволарының жетекшілері қатысты. Тараптар спорт, киберспорт және жастар саясаты бағыттарындағы ынтымақтастықты дамыту мәселелерін талқылады.

Келіссөздер барысында Ербол Мырзабосынов Ресей Федерациясының спорт министрі Михаил Дегтярев, Әзірбайжан Республикасының жастар және спорт министрі Фарид Гаибов, Өзбекстан Республикасының спорт министрі Адхам Икрамов, Қырғыз Республикасы Министрлер Кабинеті жанындағы Дене шынықтыру және спорт жөніндегі мемлекеттік агенттіктің директоры Ұрмат Асанбаев, Беларусь Республикасының спорт министрі Сергей Ковальчук, Біріккен Араб Әмірліктерінің спорт министрі Ахмед Бельхуль Әл Фаласи, сондай-ақ өзге де спорт саласына жауапты тұлғалармен кездесті.

Тараптар спорт резервін даярлау, спортшыларды дайындаудың заманауи әдістерін енгізу, спорт инфрақұрылымын дамыту, тәжірибе алмасу және салалық ұйымдар арасындағы әріптестікті нығайту мәселелеріне ерекше назар аударды. Сонымен қатар бірлескен жарыстар өткізу, жаңа спорт түрлерін дамыту және спорт саласын цифрландыру бағыттары сөз болды.

Кездесу қорытындысында тараптар халықаралық ынтымақтастықты одан әрі дамытуға, бірлескен жобаларды іске асыруға және халықаралық спорттық іс-шараларды бірлесіп ұйымдастыруға дайын екенін жеткізді.

Айта кетейік, Астанада өтіп жатқан «Болашақ ойындары – 2026» халықаралық мультиспорт турниріне әлемнің 30-дан астам елінен 800-ге жуық спортшы қатысып жатыр.