
Құжат гидтердің, экскурсия жүргізушілерінің және туризм нұсқаушыларының өкілеттіктерін айқындайды, көрсетілетін қызметтердің сапасына қойылатын бірыңғай талаптарды белгілейді, сондай-ақ туристерге нақты әрі сенімді ақпарат беру, бағыт бойында алып жүру және қауіпсіздік талаптарын сақтау жөніндегі жауапкершілігін бекітеді. Сонымен қатар, Қағидалар туризм саласындағы мамандардың қызмет аясын нақты ажыратады.
Қазіргі таңда гид, экскурсия жүргізушісі немесе туризм нұсқаушысы ретінде қызметті бастау үшін Қазақстан Республикасының азаматы болуы және рұқсаттар мен хабарламалар туралы заңнамаға сәйкес eLicense.kz порталы арқылы қызметтің басталғаны туралы хабарлама жолдауы қажет. Бұдан бөлек, Қағидаларға сәйкес мамандар өз қызметін жүзеге асырудың өзіне қолайлы ұйымдық-құқықтық нысанын дербес таңдай алады. Бұл ретте гидтерді, экскурсия жүргізушілерін және туризм нұсқаушыларын өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар жүзеге асыра алатын қызмет түрлерінің тізбесіне енгізу бойынша жұмыс жүргізілуде.
Министрлік келіп түскен хабарламалар негізінде гидтердің, экскурсия жүргізушілерінің және туризм нұсқаушыларының мемлекеттік электронды тізілімін жүргізеді. Тізілім Министрліктің және «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ-ның ресми интернет-ресурстарында орналастырылады. Бұл туристерге заң талаптарына сәйкес қызмет көрсететін мамандарды таңдауға мүмкіндік береді.
Құжатта қауіпсіздік мәселелеріне ерекше назар аударылған. Мамандар туристерді сапардың ерекшеліктері мен ықтимал қауіп-қатерлер туралы алдын ала хабардар етуге, маршруттар мен баратын нысандар жөнінде нақты ақпарат беруге, сондай-ақ төтенше жағдай туындаған кезде уәкілетті органдар мен туристердің жақындарын жедел хабардар етуге міндетті. Өмірі мен денсаулығына қауіп төндіруі мүмкін маршруттар бойынша туристің ықтимал тәуекелдермен танысқаны туралы жазбаша растауы міндетті түрде рәсімделеді.
Аталған Қағидалардың қабылдануы туризм саласын құқықтық реттеуді жетілдірудегі маңызды қадам. Құжат кәсіби қызметтің бірыңғай стандарттарын қалыптастыруға, туристік қызметтердің сапасын арттыруға, саяхаттардың қауіпсіздігін күшейтуге және Қазақстанда ішкі әрі келу туризмін дамытуға қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді.
Қағидалар Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне туризм саласын және балалар спортын қолдау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңын іске асыру мақсатында әзірленді.