
Халықаралық туризм және меймандостық университетінде (IUTH) 2026 жылғы түлектерге диплом табыстау салтанаты өтті. Биыл оқу орнын 1 230 студент тәмамдады. Оның ішінде 523 түлек үш жылдық триместрлік білім беру бағдарламасы бойынша алғаш рет бакалавр дәрежесін алды.
Туризм саласына білікті кадрлар даярлау Мемлекет басшысының адами капиталды дамыту және еңбек нарығын сұранысқа ие мамандармен қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмалары аясында жүзеге асырылып келеді. ҚР Туризм және спорт министрлігіне қарасты Халықаралық туризм және меймандостық университеті туризм индустриясының негізгі бағыттары бойынша мамандар даярлайтын бейінді жоғары оқу орны саналады.
2025-2026 оқу жылында университетте 3 015 студент білім алды. Оның 2 733-і мемлекеттік білім беру гранты негізінде оқиды. Оқу үдерісі туризм, қонақ үй және мейрамхана ісі, экскурсиялық қызмет, спорт туризмі және іс-шараларды басқару бағыттарын қамтитын 14 білім беру бағдарламасы бойынша жүргізіледі. Қазіргі таңда университетте 10 бакалавриат және 4 магистратура бағдарламасы жұмыс істейді.
Министрліктің бастамасымен университетте білім беру мен өндірістік тәжірибені ұштастыратын дуальды оқыту жүйесі енгізілген. Студенттер Қазақстанның жетекші қонақ үйлерінде, сондай-ақ Түркия мен Біріккен Араб Әмірліктеріндегі бес жұлдызды қонақ үйлерінде өндірістік тәжірибеден және халықаралық тағылымдамадан өтеді.
Кадр даярлаудың кешенді жүйесі түлектердің еңбек нарығындағы сұранысын арттыруға мүмкіндік беріп отыр. Соңғы деректерге сәйкес, университет түлектерінің жұмысқа орналасу көрсеткіші 87,5 пайызға жеткен.
Туризм саласына мамандар даярлау жүйесін кезең-кезеңімен жетілдіру еңбек нарығына қажетті кәсіби кадрлар қорын қалыптастырып, еліміздің туристік индустриясының тұрақты дамуына негіз қалайды.