Қазақстан мен Қытайдың Ляньюньган қаласы туризм және спорт саласындағы ынтымақтастықты дамытуға ниетті

Қазақстан мен Қытайдың Ляньюньган қаласы туризм және спорт саласындағы ынтымақтастықты дамытуға ниетті

ҚР Туризм және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев Қытай Халық Республикасының Ляньюньган қаласы халық үкіметінің мэрі Чжоу Цзиньмен кездесті. Тараптар спорт, туризм және спорттық білім беру салаларындағы екіжақты ынтымақтастықтың келешегін талқылады.

Кездесу барысында вице-министр Қазақстан мен Қытайды берік гуманитарлық, мәдени және экономикалық байланыстар біріктіретінін атап өтті.

Сондай-ақ Ляньюньган қаласының Сары теңіз жағалауында орналасқан ірі портты қала екенін, теңіз туризмімен қатар табиғи көрікті жерлері мен мәдени мұра нысандарының туристер үшін ерекше қызығушылық тудыратынын жеткізді. Қала көлік-логистикалық мүмкіндіктерімен қатар халықаралық туристік маршруттарды дамытуда да маңызды орынға ие.
Бірегей табиғи ландшафты туристер үшін тартымды бағыттың бірі.

Жиында спорт саласындағы ынтымақтастық мәселелеріне ерекше назар аударылды. Тараптар бірлескен жарыстар өткізу, оқу-жаттығу жиындарын ұйымдастыру, жаттықтырушылар мен сала мамандарының тәжірибе алмасу, Ляньюньган қаласының заманауи спорт инфрақұрылымын тиімді пайдалану және жастар спорты бағытында бірлескен жобаларды іске асыру мүмкіндіктерін сөз етті.

Кездесу барысында спорт және туризм саласындағы білім беру бағытында тәжірибе алмастыру мәселесі де сөз болды.
Еліміздегі спорт және туризм саласындағы білім ордаларында шетел азаматтары үшін жекелеген білім беру бағдарламалары бойынша оқу ақысына 50%-ға дейін жеңілдік қарастырылған.

Туризм саласындағы әріптестік мәселелеріне тоқталған вице-министр Қазақстанның Қытай туристері үшін тартымды бағыт екенін атап өтті. Ляньюньган қаласының халықаралық теңіз порты мен дамыған көлік инфрақұрылымы Қазақстан мен Қытай арасындағы туристік алмасуды одан әрі кеңейтуге қолайлы жағдай қалыптастырады.

Кездесу соңында тараптар туризм мен спорт салаларындағы ынтымақтастықты кеңейтуге, бірлескен жобаларды іске асыруға және тәжірибе алмасуды дамытуға дайын екенін білдірді.