«Мектеп күрес лигасы»: Елімізде мектеп күресін дамытуға бағытталған жүйелі жоба қолға алынды

«Мектеп күрес лигасы»: Елімізде мектеп күресін дамытуға бағытталған жүйелі жоба қолға алынды

Астана қаласындағы №114 мектепте «Мектеп күрес лигасы» жобасы аясында күрес спортына арналған арнайы жабдықтарды тапсыру рәсімі өтті. Жоба мектеп спортын дамыту мақсатында Туризм және спорт министрлігі, Оқу-ағарту министрлігі және Қазақстан күрес федерациясының бірлескен бастамасымен жүзеге асырылып жатыр.

Іс-шараға Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов, Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова, Қазақстан күрес федерациясының президенті Еркін Оқасов және спорт саласының өкілдері қатысты.

Мектептердің спорт залдарын күреске қажетті арнайы жабдықтармен қамтамасыз ету елдегі күрес спортын дамытуға, сондай-ақ жасөспірімдердің спортпен тұрақты түрде айналысуына мүмкіндік береді. Сонымен қатар жоба білім беру ұйымдарында күреспен шұғылдануға қолайлы орта қалыптастыруға бағытталған. Осы бастама аясында №114 мектепке стационарлық күрес кілемі табысталды.

«Мемлекет басшысы бұқаралық спортты дамытуға, балалар мен жасөспірімдердің спортпен жүйелі түрде айналысуына ерекше көңіл бөліп келеді. Осы міндеттерді іске асыру аясында білім беру ұйымдарында ұлттық және олимпиадалық спорт түрлерін кеңінен насихаттау жұмыстары жүргізілуде. Күрес – халқымыздың рухымен біте қайнасқан, батылдық пен табандылыққа тәрбиелейтін спорт түрі. Бүгін мектепке табысталып отырған күрес кілемі оқушылардың спортпен тұрақты айналысуына, шеберліктерін шыңдауына және болашақ чемпиондардың қалыптасуына өз үлесін қосады деп сенемін», – деп атап өтті Ербол Мырзабосынов.

Сондай-ақ іс-шара барысында үшжақты ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.

Меморандум аясында Біріккен күрес әлемі (United World Wrestling) ұйымының қолдауымен «Олимпиадалық ынтымақтастық» бағдарламасын іске асыру, ерекше білім беру қажеттілігі бар балалар арасында грек-рим, еркін және әйелдер күресін дамыту, сондай-ақ семинарлар мен біліктілікті арттыру курстарын ұйымдастыру көзделген.

Жобаның негізгі мақсаты – оқушылар арасында бұқаралық спортты дамыту, күрес түрлерін барынша қолжетімді ету және болашақ жас спортшыларды даярлауға қолайлы жағдай қалыптастыру.