
Туризм және спорт министрлігі туризм саласын цифрландыру және туристер мен бизнес үшін бірыңғай цифрлық экожүйе енгізу бағытындағы жұмысты жалғастырып келеді.
Осы бағыттағы негізгі жобалардың бірі – туристік ағынды есепке алуға және мониторинг жүргізуге арналған eQonaq ақпараттық жүйесі. Қазіргі таңда жүйеде 900 мыңнан астам пайдаланушы тіркелген. Жүйені күз мезгілінде толыққанды пайдалануға беру жоспарланған.
Сонымен қатар елдегі туристік ақпараттық ресурстарды Kazakhstan.travel бірыңғай ұлттық туристік порталында біріктіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Порталды іске қосу 2026 жылдың желтоқсанына жоспарланған.
Жаңа цифрлық платформа сегіз тілде жұмыс істейді. Онда туристік бағыттар, іс-шаралар күнтізбесі, тақырыптық жарияланымдар, фотогалерея және Қазақстанның туристік нысандары бойынша интерактивті 3D-турлар ұсынылады.
Платформаға жасанды интеллект негізіндегі көмекші енгізуге ерекше назар аударылып отыр. Ол пайдаланушыларға көрікті жерлер туралы ақпарат алуға, саяхат бағытын жоспарлауға және қажетті туристік қызметтерді табуға көмектеседі.
Бұдан бөлек, туризм саласындағы кәсіпкерлерге көрсетілетін мемлекеттік қолдау шараларын ұсыну үдерістерін автоматтандыру жұмыстары жалғасуда. Бұл рәсімдердің ашықтығын арттырып, өтінімдерді қарау мерзімін қысқартуға және инвесторлар мен бизнес өкілдері үшін қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді.
Бірыңғай цифрлық экожүйе қалыптастыру туризмді дамытудың басым бағыттарының бірі. Бұл бастама туристік қызметтердің сапасын арттыруға, пайдаланушылар үшін қолайлы жағдай жасауға және Қазақстанның халықаралық туристік нарықтағы бәсекеге қабілетін күшейтуге бағытталған.