
Алматы қаласында Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігінің қолдауымен ұйымдастырылған Silk Road Golf Championship Kazakhstan халықаралық турнирі мен тарихтағы алғашқы Шанхай ынтымақтастық ұйымының Ашық гольф кубогы өз мәресіне жетті.
Турнир Қазақстан, Қырғызстан, Ресей, Өзбекстан және Беларусь елдерінің өкілдерін біріктіріп, спорттық дипломатияны дамытуға, достық байланыстарды нығайтуға және мемлекеттер арасындағы гуманитарлық ынтымақтастықты кеңейтуге арналған маңызды алаңға айналды.
Жарыс қорытындысы бойынша ШЫҰ Ашық кубогының жеңімпазы Қазақстан Республикасының құрамасы атанды. Екінші орынды Ресей Федерациясының командасы, ал үшінші орынды Өзбекстан Республикасының командасы иеленді.
Бағдарлама аясында ерекше орын алған Silk Road Golf Championship Kazakhstan халықаралық турнирі спорт, мәдени алмасу және халықаралық әріптестік арқылы Ұлы Жібек жолының дәстүрлерін жаңғыртуды мақсат етеді. Турнирдің өткізілуі Қазақстанның ірі халықаралық спорттық бастамалардың орталығы әрі Еуразия мемлекеттері арасындағы сындарлы диалог алаңы ретіндегі рөлінің артып келе жатқанын көрсетеді.
ШЫҰ Ашық кубогын өткізу бастамасы Беларусь тарапынан көтерілді. Қазақстан гольф федерациясы ұйым аясындағы спорттық өзара іс-қимылдың жаңа форматын дамытуға қосқан үлесі үшін беларусьтік әріптестеріне алғыс білдіреді.
Биылғы турнирдің Шанхай ынтымақтастық ұйымының құрылғанына 25 жыл толған жылы өтуі де ерекше мәнге ие. Осы ширек ғасыр ішінде ШЫҰ өзара сенім, тату көршілік және өзара құрмет қағидаттарына негізделген мемлекеттерді біріктіретін беделді халықаралық ұйымға айналды.