Қазақстан тағы бір спорт түрінен әлем чемпионатын қабылдайды

Қазақстан тағы бір спорт түрінен әлем чемпионатын қабылдайды

Елордада күрес түрлерінен 2026 жылғы ересектер арасындағы әлем чемпионаты өтеді. Бұл – Қазақстанның халықаралық спорт аренасындағы беделі мен ірі жарыстарды жоғары деңгейде ұйымдастыру әлеуетін айқындайтын маңызды шешім.

Олимпиада бағдарламасына енген күрес түрлерінен әлем чемпионатын елімізде өткізу туралы шешімді халықаралық Біріккен күрес әлемі (UWW) ұйымы қабылдады. UWW өкілдері Қазақстанға бірнеше мәрте арнайы келіп, елдегі спорт инфрақұрылымының халықаралық талаптарға сәйкестігін, ірі спорттық іс-шараларды ұйымдастыру тәжірибесін және дайындық деңгейін жан-жақты бағалады. Нәтижесінде ұйым Қазақстанның әлемдік деңгейдегі жарысты жоғары деңгейде өткізу мүмкіндігіне көз жеткізіп, әлем чемпионатын қабылдау құқығын елімізге сеніп тапсырды.

Сондай-ақ былтыр Біріккен күрес әлемі халықаралық федерациясының президенті Ненад Лалович Қазақстанға ресми сапармен келіп, елордадағы спорт нысандарын аралаған еді. Сапар барысында ол Астанадағы спорт кешендерінің халықаралық деңгейдегі ірі жарыстарды өткізуге толық әлеуеті бар екенін атап өткен-ді.

Жалпы күрес түрлерінен әлем чемпионатын өткізу – отандық спорт саласы үшін үлкен жетістік. Бұл айтулы дода Қазақстандағы күрес спортын одан әрі дамытуға, жас буынның спортқа қызығушылығын арттыруға және халықаралық деңгейдегі тәжірибені кеңейтуге жаңа серпін береді.

Сонымен қатар әлем чемпионаты Қазақстанның спорт саласындағы әлеуетін жаһандық деңгейде танытуға, халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға және еліміздің жағымды имиджін күшейтуге ықпал етеді.

Әлемдік деңгейдегі беделді дода 24 қазан мен 1 қараша аралығында ұйымдастырылады. Жаһанның үздік палуандары бас қосатын байрақты бәсеке елордадағы «Барыс Арена» спорт кешенінде өтеді.