
Бішкекте Шанхай Ынтымақтастық Ұйымына (ШЫҰ) мүше мемлекеттердің туристік әкімшіліктері басшыларының кездесуі өтті. Іс-шараға Қазақстан Республикасының Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов қатысып, туризм саласындағы өңірлік ынтымақтастықты дамытуға қатысты Қазақстанның тәсілдерін ұсынды.
Министр қырғыз тарапына жылы қабылдағаны мен кездесуді жоғары деңгейде ұйымдастырғаны үшін алғыс айтып, ұйымға мүше елдер арасындағы сындарлы диалогтың маңызын атап өтті.
Ербол Мырзабосынов Қазақстан ШЫҰ аясында туризмді экономикалық өсім мен өңіраралық интеграцияны нығайтудың маңызды бағыты ретінде қарастыратынын жеткізді.
2025 жылдың қорытындысы бойынша ШЫҰ елдерінен Қазақстанға келген туристер саны 14,8 млн адамға жетті. Өзара сапарлардың басым бөлігі Өзбекстан, Қырғызстан, Ресей және Қытай елдеріне тиесілі. Сонымен қатар Үндістаннан келетін туристер санының тұрақты өсімі байқалады. Бұл туристік географияның кеңейіп, өңірлік байланыстардың нығайып келе жатқанын көрсетеді.
– Бүгінде туризм тек қызмет көрсету саласы ғана емес, сонымен қатар экономиканың дамуына, инвестицияның артуына, инфрақұрылымның жаңаруына және жаңа жұмыс орындарының ашылуына ықпал ететін маңызды драйверге айналды. Қазақстан ШЫҰ аясында ортақ туристік кеңістік қалыптастыру бастамасын қолдайды және тәжірибесімен бөлісуге, сондай-ақ серіктес елдердің озық тәжірибесін қабылдауға дайын, – деді министр.
Ведомство басшысы Қазақстанда сәтті жүзеге асырылып жатқан бірқатар бастаманы таныстырды. Атап айтқанда, дағдарыс жағдайларында туристерді елге қайтаруды қамтамасыз ететін «Туристік Қамқор» қоры, сондай-ақ шетелдік қонақтарды онлайн тіркеуге мүмкіндік беретін әрі туристік ағындарды басқарудың тиімділігін арттыратын eQonaq цифрлық жүйесі атап өтілді.
Сондай-ақ министр трансшекаралық туризмді дамыту мәселесіне ерекше тоқталды. Өңірлік ынтымақтастықтың табысты үлгісі ретінде Қазақстан, Өзбекстан және Тәжікстанды Ұлы Жібек жолы бойымен байланыстыратын халықаралық Jibek Joly туристік пойызының іске қосылуын мысал ретінде келтірді.
Кездесу қорытындысы бойынша Қазақстан тарапы ШЫҰ аясындағы ынтымақтастықты бірлескен туристік бағыттарды дамытуға, цифрлық шешімдермен алмасуға және туристер қауіпсіздігін арттыруға бағыттауды ұсынды.