QOSTANAI TECH: Қостанайда ауқымды отбасылық ғылыми-инновациялық фестиваль өтеді

QOSTANAI TECH: Қостанайда ауқымды отбасылық ғылыми-инновациялық фестиваль өтеді

29 сәуірде Қостанай қаласында QOSTANAI TECH отбасылық ғылыми-инновациялық фестивалі өтеді. Ірі іс-шара Жастар сарайы мен Индустриалды аймақ алаңдарында сағат 09:00-ден 20:00-ге дейін ұйымдастырылады.

Фестиваль ғылым, технология және жасанды интеллект саласындағы жетістіктерді таныстыруға арналған заманауи алаң, сондай-ақ білім беру, ғылым және өнеркәсіп өкілдерінің өзара байланыс орнату кеңістігіне айналмақ. Қатысушылар болашақты қалыптастыратын озық әзірлемелер мен инновациялық шешімдермен таныса алады.

Фестиваль спикерлері қатарында Бейбітшілік саласындағы Нобель сыйлығының лауреаты, оңтүстіккореялық дипломат әрі ғалым Рае Квон Чунг, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор Асқар Жұмаділдаев, KIA QAZAQSTAN компаниясының бас директоры Ким Де Ки, Freedom Cloud компаниясының CEO-сы және Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Жасанды интеллектті дамыту жөніндегі кеңестің жұмыс тобының кеңесшісі Темірлан Зиналабдин, сондай-ақ технология және білім беру саласындағы кәсіпкер Ғабит Бекахметов және басқа да сарапшылар бар.

Фестивальдің хедлайнерлері — Alga.peterburg блогы арқылы танымал Иван Червинский және қазақстандық әнші Bayansulu.

Іс-шара бағдарламасына интерактивті көрмелер, робототехника аймақтары, VR және AI кеңістіктері, ғылыми шоулар мен барлық жас санатына арналған шеберлік сабақтары кіреді.

Аталған іс-шара ҚР Туризм және спорт министрлігі бекіткен 2026 жылға арналған туристік іс-шаралар күнтізбесіне енгізілген және оқиғалық туризмді дамытуға, сондай-ақ елдің мәдени имиджін нығайтуға бағытталған.

QOSTANAI TECH фестивалі технология, білім және мәдени дамуды тоғыстыратын маңызды оқиғаға айналып, ғылымды кең аудитория арасында дәріптеуге жаңа мүмкіндіктер ашады.