Ербол Мырзабосынов Экономикалық ынтымақтастық ұйымының Бас хатшысы Асад Маджид Ханмен кездесті

Ербол Мырзабосынов Экономикалық ынтымақтастық ұйымының Бас хатшысы Асад Маджид Ханмен кездесті

Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов елордада Экономикалық ынтымақтастық ұйымының Бас хатшысы Асад Маджид Ханмен кездесті. Кездесу барысында тараптар туризм және спорт салаларындағы өңірлік ынтымақтастықты дамыту, инвестициялық байланыстарды кеңейту және бірлескен бастамаларды іске асыру мәселелерін талқылады.

Министр Қазақстанның Ұйымға мүше мемлекеттермен көпжақты өзара іс-қимылды дамытуға ерекше мән беретінін атап өтті.

«Сіздің елімізге алғашқы сапарыңыз алдағы ынтымақтастықты нығайту жолындағы маңызды қадам болады деп сенемін. Туризм мен спорт – тұрақты экономикалық өсудің, мәдениетаралық диалогтың және өңірлік интеграцияның маңызды қозғаушы күштері», – деді Ербол Мырзабосынов.

Кездесу барысында туризм саласындағы бірлескен бастамаларға ерекше назар аударылды. Атап айтқанда, 2025 жылғы қыркүйекте Ақтау қаласында өткен халықаралық туристік форумның маңызы атап өтілді. Форум аясында Ұйым кеңістігіндегі инвестициялық ынтымақтастыққа арналған сессия ұйымдастырылып, мемлекет, бизнес және халықаралық серіктестер арасында тиімді диалог орнады.

2026 жылғы 27-29 сәуір күндері Әзірбайжанның Шуша қаласында Экономикалық ынтымақтастық ұйымы Туризм министрлерінің отырысы өтеді. Қазақстан Ақтау қаласын 2030 жылға арналған Ұйымның туристік астанасы мәртебесіне ұсынды. Ақтау – Каспий теңізінің жағалауында орналасқан бірегей қала. Сондықтан мұнда жағажай, экологиялық және іскерлік туризмді дамытуға зор мүмкіндік бар.