
Польшаның Крыница-Здруй қаласында шайбалы хоккейден жасөспірімдер арасында IA дивизионының әлем чемпионаты өтіп жатыр. Аталған турнирде Қазақстанның жасөспірімдер құрамасы элиталы дивизионға жолдама алу үшін сынға түсуде.
Жарыста Қазақстан құрамасымен қатар Польша, Мажарстан, Украина, Швейцария және Словения құрамалары да бақ сынап жатыр.
Әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы әзірге үш матч өткізіп, барлығында жеңіске жетті. Қазіргі таңда Қазақстан құрамасы 9 ұпаймен турнир кестесінде көш бастап келеді.
Алғашқы турда Қазақстан құрамасы Мажарстанды 5:2 есебімен жеңсе, екінші турда Польша құрамасын 10:2 есебімен тізе бүктірді. Үшінші турда Украина құрамасына қарсы кездесуде отандық хоккейшілер камбэк жасап, жеңіске жетті. Кездесудің 25-минутына дейін Қазақстан құрамасы 0:3 есебімен ұтылып жатқан еді. Алайда Максим Худяковтың шәкірттері қарсылас қақпасына жауапсыз бес шайба соқты – 5:3.
Қазақстан құрамасы келесі кездесуін 23 сәуірде Швейцария құрамасына қарсы өткізеді. Ойын елорда уақытымен 15:30-да басталады. Ал топтық кезеңдегі соңғы матч 24 сәуірде (сағат 15:30-да) Словения құрамасына қарсы өтеді.
Айта кетейік, турнир қорытындысы бойынша бірінші орын алған команда элиталы дивизионға жолдама алады.