
Қазақстанға ресми сапармен Біріккен күрес әлемі (UWW) ұйымының президенті Ненад Лалович және UWW Asia ұйымының президенті Мохаммед әл-Авамле келді.
Сапар аясында Қазақстан Күрес федерациясы мен United World Wrestling арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Құжат елімізде спортшыларды жоғары деңгейде даярлайтын, UWW тарапы таныған Күрес академиясын ашуды көздейді.
Академия грек-рим, еркін, әйелдер және жағажай күресі бойынша балуандарды даярлайтын заманауи орталыққа айналады. Сонымен қатар құрамында жаттығу үдерісін кешенді қамтамасыз ететін медициналық және спорттық-ғылыми зертханалар ашу жоспарланып отыр.
Сапар барысында UWW президенті Ненад Лалович пен Қазақстан күрес федерациясының президенті Еркін Оқасов Федерацияның жаңа кеңсесінің ашылу рәсіміне қатысты. Кеңсе құрамында Қазақстан күресінің бай тарихына арналған арнайы Даңқ залы ашылды. Мұнда отандық спортшылардың Олимпиада мен әлем чемпионаттарындағы жетістіктерін айғақтайтын бірегей жәдігерлер, соның ішінде медальдар, белбеулер, спорттық киімдер, фотоматериалдар және чемпиондардың жеке мұрағаттары қойылған.
Халықаралық федерация өкілдері Қазақстандағы күрестің даму қарқынына жоғары баға беріп, ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға дайын екендерін білдірді.
Сапар аясында шетелдік қонақтарға Астана қаласындағы негізгі спорт нысандары, соның ішінде Жақсылық Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайы мен «Барыс Арена», сондай-ақ Алматы қаласының спорт нысандары таныстырылды.