
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде спорт инфрақұрылымын жаңғырту мәселесін тұрақты түрде көтеріп келеді. Бұл бағыт елдегі бұқаралық және кәсіби спортты дамытуға тікелей әсер етеді. Президент тапсырмасын орындау мақсатында былтыр елімізде 147 спорт кешені пайдалануға берілді.
Дене шынықтыру мен спортты дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасына сәйкес, халықтың 1 000 адамға шаққанда спорттық инфрақұрылыммен қамтылуы қазіргі уақытта 59,6%-ға жеткен. Ал 2029 жылға қарай бұл көрсеткіш 65%-ға дейін жеткізу жоспарланған.
Жыл сайын өңірлерде жаңа спорт ғимараттары салынып, ескілері күрделі жөндеуден өткізіліп жатыр. 2025 жылы пайдалануға берілген спорт нысандарының қатарында дене шынықтыру-сауықтыру кешендері, жабық футбол манеждері, жүзу бассейндері, күрес, бокс және гимнастика залдары, сондай-ақ ашық спорт алаңдары мен воркаут аймақтары бар.
Ерекше атап өтерлігі, кейінгі жылдары салынып жатқан спорт ғимараттары мен нысандардың басым бөлігі ауылдық жерлерде бой көтеруде. Мысалы, 2024 жылы пайдалануға берілген 90 спорт нысанының 61-і ауылдық, 29-ы қалалық жерлерде салынса, 2025 жылы пайдалануға берілген 147 спорт нысанының 107-сі ауылдық, 40-ы қалалық жерлерде іске қосылған.
Былтыр Ақмола облысының Зеренді ауданында 6 мың шаршы метрден асатын спорт кешені, Павлодар облысының Баянауыл ауданында көпсалалы спорт кешені, Қызылорда қаласында халықаралық стандарттарға сай жаңа стадион және тағы бірнеше спорт ғимараты ел игілігіне берілді.
Биыл тағы 121 нысанды іске қосу жоспарланып отыр. Спорт нысандарын жаңғырту және жаңадан салу жұмыстары республикалық, жергілікті бюджет, мемлекеттік-жеке әріптестік және бюджеттен тыс қаражат есебінен жүргізіледі.
Сонымен қатар 2026-2028 жылдарға арналған жол картасы аясында бюджеттен тыс қаражат есебінен 86 ірі жоба жүзеге асырылмақ.