
Жыл басынан бері жазғы туристік маусымға дайындық мәселелері Туризм және спорт министрлігінің тұрақты бақылауында. Әкімдіктермен және салалық мемлекеттік органдармен бірлесіп, елдегі негізгі курортты өңірлердің дайындығын қамтамасыз ету бағытында жүйелі жұмыс жүргізілуде.
Осы жылдың қаңтар айында Министрлік Үкімет аппаратының өңірлік инспекторларымен және салалық мемлекеттік органдармен бірге басым бағыттағы 6 туристік өңірге – Абай, Шығыс Қазақстан, Алматы, Жетісу, Ақмола және Қарағанды облыстарына тексеру жүргізді. Мониторинг қорытындысы бойынша өңірлерде қауіпсіздік деңгейін арттыру, инфрақұрылымды дамыту және қызмет көрсету сапасын жақсарту бағытында кешенді шаралар қолға алынуда.
Туризм және спорт министрлігі жүргізіліп жатқан жұмыс саланың негізгі бағыттарын қамтиды. Яғни, қауіпсіздік пен инженерлік инфрақұрылымнан бастап, логистика мен қызмет көрсету сапасына дейін. Бұл шаралар демалушылар үшін қолайлы әрі қауіпсіз жағдай жасауға және Қазақстанның туристік тартымдылығын арттыруға мүмкіндік береді.