Руслан Курбанов Қазақстанда алғаш рет өткен әлем кубогының күміс жүлдегері атанды

Руслан Курбанов Қазақстанда алғаш рет өткен әлем кубогының күміс жүлдегері атанды

Семсерлесуден Ұлттық құрама спортшысы Руслан Курбанов Астана қаласында алғаш рет өтіп жатқан әлем кубогының күміс жүлдегері атанды.

Барлығы сапы жаттығуында елордада ерлер арасында 277 атлет сынға түсті. Руслан әлем рейтингіндегі ТОП-16 спортшының қатарында жарысты плей-офф кезеңінен бастады. Бүгін 1/32 айналымда Бейтарап атлет Дмитрий Швелидзені, кейін Филипе Фразао (Португалия), Мигель Фразао (Португалия), ширек финалда Париж Олимпиадасының 2 дүркін чемпионы, әлем чемпионатының жеңімпазы Коки Каноны (Жапония) жеңді. Кешкі сессиядағы жартылай финалда Мажарстан өкілі Давид Надьтан басым түсті. Отандасымыз ақтық сында Украина спортшысы Роман Свичкарьмен шеберлік байқасып, 12:15 есебімен жол берді.

Жекелей сынның жүлдегерлерін Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов марапаттады.

Айта кетейік, Руслан Курбанов биыл ақпан айында Германияның Хайденхайм қаласындағы әлем кубогында топ жарған.

Сонымен қатар бүгін Ұлттық құраманың тағы 2 спортшысы - Кирилл Проходов пен Ирина Бакалдина плей-офф сатысында бақ сынады. Кирилл 1/32 айналымда Оңтүстік Корея спортшысын ұтып, Коки Каноға жол берді. Ал Ирина Бакалдина Мексика және Оңтүстік Корея семсерлесу шеберінен айласын асырып, кейін әлем рейтингінде 2-орында тұрған бүгінгі әйелдер арасындағы жеңімпаз Сон Се-раға есе жіберді.

Енді ертең ерлер мен әйелдер арасында командалық сайыс өтеді. Барлығы Астанадағы турнирге 50-ге жуық мемлекеттен 500-ден астам спортшы жиналды. Әлем кубогын Qazsport телеарнасы тікелей эфирде көрсетіп жатыр.