
Грузияның Тбилиси қаласында өтіп жатқан дзюдодан Grand Slam сериясындағы турнирде Нұрқанат Серікбаев жоғары шеберлік танытып, 66 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде жеңімпаз атанды.
Финалда Әзербайжан өкілі Туран Байрамовпен өткен белдесуде отандасымыз мінез пен жеңіске деген жігерін танытып, алтын жүлдені қанжығасына байлады. Бұл – оның жаңа салмақтағы алғашқы жүлдесі.
Сондай-ақ 60 келіге дейінгі салмақта Талғат Орынбасар қола медаль олжалап, команданың жалпы нәтижесіне маңызды үлес қосты.
Айта кетейік, осы айдың басында 21 жастағы Әділет Алмат Аустрияда өткен Grand Prix кезеңінде алтын медаль иеленген еді. 59 елдің спортшылары қатысқан бәсекеде ол 6 белдесу өткізіп, финалда сенімді жеңіске жетті.
Қазіргі таңда отандық дзюдо жүйелі түрде дамып келеді. Ұлттық құрама әйгілі жаттықтырушы Энцио Гамба жетекшілігімен жаңартылған әдістеме бойынша дайындалып жатыр. Жаттықтырушылар құрамында кеңесші Роберт Мшвидобадзе, Стефано Фрассинелли және отандық мамандар бар. Құрама сапына 46 ер және 35 әйел дзюдошы енген.
Қазақстанда дзюдоны дамытудың кешенді жүйесі қалыптасқан: жыл сайын түрлі жас санаттары бойынша елдің 5 ресми чемпионаты және 66 республикалық турнир өткізіледі. Бұл бәсекелестік ортаны күшейтіп, жоғары деңгейдегі спортшыларды жүйелі даярлауға мүмкіндік береді.
Төрешілер корпусын дамытуға да ерекше көңіл бөлінуде. Елде халықаралық деңгейдегі 11 төреші және Азия құрлығы санатындағы 50 төреші жұмыс істейді. Халықаралық дзюдо федерациясы құрылымында Жандос Қиянов пен Денис Амелин табысты еңбек етіп, IJF World Judo Tour сериясының ірі турнирлерінде төрелік етуге тартылады.
Бұл жетістіктер биыл қыркүйек айында Жапонияда өтетін жазғы Азия ойындары қарсаңында ерекше маңызға ие. Олар ұлттық құраманың әлеуетіне деген сенімді арттырып, алдағы дайындық жұмыстарына жоғары қарқын береді.
Анықтама үшін:
– 2027 жылғы дзюдодан әлем чемпионаты Қазақстанда өтеді – бұл отандық дзюдо тарихындағы ең ірі жарыс болмақ;
– 2023 жылдан бері Grand Slam сериясындағы Qazaqstan Barysy турнирі Астанада тұрақты түрде өткізіліп келеді (2025 жылы жерлестеріміз 9 медаль жеңіп алды, жүлде қоры – 154 000 еуро);
– Астанада халықаралық деңгейдегі төрешілер мен бапкерлерді даярлайтын IJF академиясын ашу жоспарланған;
– Мектептерде «Дзюдо мектепте» бағдарламасы іске қосылды.