Шымкентте DamDastour халықаралық гастрономия фестивалі өтеді

Шымкентте DamDastour халықаралық гастрономия фестивалі өтеді

2026 жылғы 21 наурыз күні сағат 12:00-де Шымкент қаласындағы Әл-Фараби алаңында DamDastour халықаралық гастрономия фестивалі ұйымдастырылады.

Аталған іс-шара Наурыз мейрамын атап өту аясында өткізіліп, қала тұрғындары мен қонақтарына ұлттық және әлемдік асхананың таңдаулы үлгілерін таныстыруға бағытталған. Сонымен қатар бұл іс-шара маңызды оқиғалар күнтізбесіне енгізілген. Фестивальге Қазақстаннан және шетелден келген халықаралық деңгейдегі 10 шеф-аспаз қатысып, өздерінің авторлы тағамдарын ұсынып, аспаздық шеберліктерін көрсетеді.

Фестиваль аясында түрлі гастрономия байқаулары ұйымдастырылады.

Іс-шара кең ауқымды мәдени-ойын-сауық бағдарламасымен қатар өтеді. Қонақтарды street style және K-pop бағыттарындағы Dance Battle, домбырашылар ансамблінің өнер көрсетуі, батырлар шоуы, цирк қойылымдары, мотошеру мен Moto Show, спорт автокөліктері көрмесі, сондай-ақ қолөнершілер жәрмеңкесі күтеді.

Іс-шара бірнеше тақырыптық аймаққа бөлініп ұйымдастырылады. Этноаймақта гастрономия байқаулары мен халықаралық шеф-аспаздардың шеберлік сабақтары өтеді, ал еуропалық аймақта заманауи шоу-бағдарламалар, би байқаулары және мотошоу ұсынылады. Сонымен қатар Арбат аумағында күні бойы қолөнершілер көрмесі жұмыс істейді.

Фестивальдің ресми ашылуы салтанатты түрде өтеді, ал кешкі уақытта жеңімпаздарды марапаттау рәсімі мен концерттік бағдарлама ұйымдастырылады. Бағдарламада отандық әртістердің өнер көрсетуі және арнайы шақырылған хедлайнердің концерті қарастырылған.

DamDastour халықаралық гастрономия фестивалі — Наурыз мейрамының ерекше атмосферасын сезінуге, түрлі халықтардың асханасымен танысуға және отбасы мен достардың ортасында мазмұнды уақыт өткізуге мүмкіндік беретін ауқымды мәдени іс-шара.