«Жүйелі тәсіл нақты нәтиже береді» — Ербол Мырзабосынов халықаралық жарыстарда үздік нәтиже көрсеткен спортшыларды құттықтады

«Жүйелі тәсіл нақты нәтиже береді» — Ербол Мырзабосынов халықаралық жарыстарда үздік нәтиже көрсеткен спортшыларды құттықтады

Кеше отандық спортшылар халықаралық аренада бірнеше жарқын нәтижеге қол жеткізді.

Швейцарияның Айроло қаласында өткен фристайл-акробатикадан Еуропа кубогы кезеңінде Асылхан Асан жеңімпаз атанса, Бакуде өткен спорттық гимнастикадан Әлем кубогы кезеңінде Милад Карими 2 күміс медаль жеңіп алды. Ал Нидерландтың Херенвен қаласында өтіп жатқан конькимен жүгіруден әлем чемпионатында Надежда Морозова 500 метр қашықтықта үшінші нәтиже көрсетті.

Алдағы жазғы Азия ойындары қарсаңында мұндай жетістіктердің маңызы ерекше. Бұл отандық спортшылардың ірі халықаралық жарыстарға жақсы дайындықпен келіп жатқанын көрсетеді. Сондай-ақ жерлестеріміздің жеңісті жолын Аустрияда өтіп жатқан дзюдодан Grand Prix кезеңінде топ жарған Әділет Алмат жалғастырды. Бұл жарысқа 59 елдің спортшылары қатысты. Осындай жоғары бәсекеде 21 жастағы Әділет алты белдесуінің бәрін сенімді өткізіп, финалда лайықты жеңіске жетіп, халықаралық аренада ел намысын абыроймен қорғады.

Әсіресе бұл нәтижеге жас спортшының қол жеткізгені маңызды. Бүгінде еліміздегі мектептерде дзюдо белсенді түрде дамып келеді. Осындай жеңістер спортты жүйелі дамыту мен жастарды қолдаудың нақты нәтиже беріп жатқанының айқын көрінісі.

Спортшыларды дайындауға үлес қосқан жаттықтырушылар құрамына, федерацияларға және барлық маманға алғысымды білдіремін.