Ақпараттық хабарлама

Ақпараттық хабарлама

Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі әуе кеңістігіндегі шектеулерге байланысты Қазақстан азаматтарына белсенді әскери қимылдар тоқтап, жағдай толық тұрақталғанға дейін Таяу Шығыс елдеріне сапарлардан уақытша бас тартуды ұсынады.

Сондай-ақ аталған елдердегі Қазақстанның шетелдегі мекемелері күшейтілген жұмыс режиміне көшірілгені хабарланды. Онда жүрген отандастарға қажетті консулдық-құқықтық көмек көрсетілуде.

Өңірде жүрген Қазақстан азаматтарының, оның ішінде транзиттік аймақтардағы азаматтардың да тізімі жаңартылып жатыр. Жедел байланыс үшін мессенджерлерде арнайы чаттар құрылып, сол арқылы отандастар сұрақтарға жауап алып, жағдайға қатысты өзекті ақпаратпен таныса алады.

Отандық туристердің құқықтарын кепілдендіру жүйесіне қатысатын туроператорлар ұйымдастырылған туристердің қонақ үйлерде орналасуын қамтамасыз етуде. Сонымен қатар жағдай шиеленіскен аймақтардан азаматтарды эвакуациялаудың ықтимал бағыттары мен шаралары пысықталуда.

Бұдан бөлек, шығу туризмі саласында Қазақстан азаматтарының құқықтарын кепілдендіру жүйесінің әкімшісі – «Туристік Қамқор» қорының мәліметінше, 28 ақпаннан бастап Таяу Шығыс елдеріне ұйымдастырылатын турларға туркод беру уақытша тоқтатылды. Бұл шектеу Иран, Израиль, БАӘ, Сауд Арабиясы, Қатар, Бахрейн, Кувейт, Иордания және Оман бағыттарына қатысты. Шектеулер уақытша сипатқа ие және жағдай тұрақтанып, туристердің қауіпсіздігі толық расталғанға дейін, сондай-ақ тиісті шешім қабылданғанға дейін күшінде болады.

Туристік компанияларға осы бағыттар бойынша турөнімдерді уақытша сатпау ұсынылды.

Сонымен қатар 28 ақпаннан кейін Таяу Шығыс елдеріне сапарға шыққан туристерге Қазақстан азаматтарының құқықтарын кепілдендіру жүйесінің талаптары қолданылмайтынына назар аударылады.

Турларды тоқтату немесе басқа мерзімге ауыстыру, сондай-ақ қаражатты қайтару мәселелері бойынша туристерге турөнім сатып алынған туристік агенттіктерге жүгіну ұсынылады.

Қосымша ақпарат қолжетімді болған сайын жарияланып отырады.