Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов Air Astana әуе компаниясының маркетинг және сату жөніндегі вице-президенті Жанна Шаяхметовамен кездесті

Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов Air Astana әуе компаниясының маркетинг және сату жөніндегі вице-президенті Жанна Шаяхметовамен кездесті

Әңгіме барысында туризм саласын одан әрі дамытуға бағытталған өзара іс-қимылдың негізгі бағыттары талқыланды. Сондай-ақ халықаралық бағыттар желісін кеңейту, бірлескен маркетингтік жобаларды жүзеге асыру және Қазақстанды басым шетелдік нарықтарда ілгерілету арқылы елге келетін туристер ағынын арттыру мәселесіне айрықша назар аударылды.

Бұдан бөлек, биыл елордада цифрлы және классикалық спортты біріктіретін «Болашақ ойындары» халықаралық турнирін өткізу аясында әуе компаниясының демеушілік және серіктестік форматтағы қатысу мүмкіндіктері қарастырылды. Сонымен қатар аталған ауқымды іс-шараны еліміздің туристік әлеуетін халықаралық деңгейде танытудың тиімді құралы ретінде пайдалану жолдары талқыланды.

Кездесуде бейінді оқу орындарының, соның ішінде Халықаралық туризм және меймандостық университеті түлектерін жұмысқа орналастыру, сондай-ақ туризм және авиация салаларына сұранысқа ие мамандар даярлау мақсатында бизнес пен білім беру ұйымдары арасындағы жүйелі ынтымақтастықты жолға қою мәселелері де сөз болды.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар елге келетін туристер санын тұрақты түрде арттыруға және Қазақстанның халықаралық бәсекеге қабілетін нығайтуға бағытталған ынтымақтастықты жалғастыруға дайын екендігін мәлімдеді.