Миланда XXV қысқы Олимпиаданың ашылу салтанаты өтті

Миланда XXV қысқы Олимпиаданың ашылу салтанаты өтті

Италияның Милан және Кортина-д’Ампеццо қалаларында ресми түрде XXV қысқы Олимпия ойындары басталды. Төртжылдықтың басты додасының ашылу салтанаты Миландағы «Сан-Сиро» стадионында өтті. Мемлекеттер шеруінде Қазақстанның көк байрағын Денис Никиша (шорт-трек) мен Аяулым Әміренова (фристайл-могул) ұстап шықты.

Биылғы Олимпиаданың басты ерекшеліктерінің бірі – ашылу рәсімінің бір мезетте төрт жерде өтуі. Денис Никиша Милан қаласындағы салтанатқа қатысса, Аяулым Әміренова шаңғы жарыстарын қабылдайтын Ливиньо коммунасындағы рәсімде болды. Сондай-ақ Олимпиада алауы алғаш рет екі жерде тұтанды: бірі Миландағы Салтанат қақпасында, екіншісі Кортина-д’Ампеццодағы Piazza Dibona алаңында. Ашылу рәсімі Armonia («Үйлесім») деп аталды.

Айта кетейік, Милан-Кортина Олимпиадасы 6-22 ақпан күндері өтеді. Италиядағы төртжылдықтың басты додасына әлемнің 93 мемлекетінен 3 мыңға жуық спортшы қатысады. Олар 8 спорт түрі (16 дисциплина) бойынша 116 медаль жиынтығын сарапқа салады. Қазақстан ұлттық құрамасы сапынан 36 спортшы (18 ер, 18 әйел) 10 дисциплинада жүлдеге таласады.

Ұлттық құрама спортшылары қатысатын барлық жарысты Qazaqstan, Qazsport, «Хабар» және Jibek Joly телеарналары тікелей эфирде көрсетеді.

Фото: Сали САБИРОВ