
Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов алдағы уақытта дзюдодан Grand Slam турниріне және жеңіл атлетикадан жабық кешендегі Азия чемпионатына қатысатын ұлттық құрама мүшелерімен кездесті.
Кездесу барысында 6-8 ақпан күндері Қытайдың Тяньцзинь қаласында өтетін жеңіл атлетикадан жабық кешендегі XII Азия чемпионатына ұлттық құраманың дайындығы, сондай-ақ 7-8 ақпанда Францияның Париж қаласында жоспарланған дзюдодан Grand Slam турниріне дзюдошылардың әзірлігі талқыланды. Аталған екі жарыс та биыл қыркүйек айында өтетін Азия ойындары қарсаңындағы маңызды кезең саналады.
Ұлттық құрамалардың бас бапкерлері спортшылардың қазіргі дайындық деңгейі, оқу-жаттығу жиындарының нәтижелері және алдағы жарыстарға қойылған негізгі міндеттер туралы ақпарат берді.
Сонымен қатар елде талқыланып жатқан реформаларға да ерекше назар аударылды. Министр Мемлекет басшысы спортты дамытуға, спорт резервін қалыптастыруға, балаларды спортқа тартуға айрықша көңіл бөліп отырғанын атап өтті.
Сондай-ақ спорттағы адал ойын қағидаттарын сақтау мен қоғамдағы заң үстемдігі арасындағы өзара байланысты ерекше атап өтті. Оның айтуынша, спортта ереже әділ болған жағдайда ғана сенім мен нәтиже қалыптасады. Бұл қағида қоғам өмірінде де өзекті.
«Қазіргі таңда жаңа Конституция жобасының ашық талқылануы – қоғамның дамып, азаматтық белсенділігінің артқанын көрсетеді. Реформалардың негізгі мақсаты – адам құқықтарын қорғауды күшейту, заң үстемдігін нығайту және әділ қоғамдық тәртіп қалыптастыру. Маңыздысы – бұл үдерістің ашық әрі жария түрде өтіп жатқаны», – деді министр.
Кездесу соңында ортақ ережеге деген сенім болған жағдайда ғана спортта да, қоғамда да тұрақты даму мен алға жылжу болатыны атап өтілді.