Елімізде лудоманияның алдын алу бойынша жүйелі жұмыс жүргізілуде

Елімізде лудоманияның алдын алу бойынша жүйелі жұмыс жүргізілуде

Туризм және спорт министрлігі мемлекеттік саясатты іске асыру аясында лудоманияның алдын алуға және құмар ойынға деген тәуелділікке байланысты әлеуметтік тәуекелдерді азайтуға бағытталған кешенді профилактикалық жұмыс жүргізуде.

Лудоманияның алдын алу жұмысы ведомство тарапынан 2024-2026 жылдарға арналған «Заңсыз ойын бизнесі мен лудоманияға қарсы күреске арналған Кешенді жоспар» аясында жүзеге асырылуда. Жоспар Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен бекітілген.

🔹Жоспарды іске асыру барысында Министрлік:

* түрлі демографиялық топтар арасында құмар ойындарға деген құштарлықтың себебі мен ауқымын анықтауға арналған республикалық әлеуметтік зерттеу жүргізді (сауалнамаға 6 мың респондент қатысты);
* мектеп оқушылары, студенттер және басқа да жастар санаттары арасында лудоманияның алдын алу бойынша әдістемелік ұсынымдар әзірледі. Ұсыныстар тәуелділікті ерте кезеңде анықтау мен алдын алуға бағытталған;
* білім беру ұйымдары мен әскери бөлімдердегі 800-ден астам педагогтар мен психологтардың қатысуымен лудоманияны алдын алу бойынша сабақтар ұйымдастырылып, оқытуға арналған бейнематериалдар дайындалды.

🔹Жоспар аясында орталық мемлекеттік органдар мынадай жұмыстар жүргізді:

* мектептердегі Ата-аналарды педагогикалық қолдау орталықтарының бағдарламаларына ойын және интернет тәуелділігін алдын алу бөлімі енгізілді;
* 6 мыңнан астам мектептің тәрбие жоспарына лудомания мен құмар ойындарға тәуелділікті алдын алу шаралары енгізілді;
* діни қызметкерлердің қатысуымен түсіндіру жұмыстары, соның ішінде уағыз форматындағы іс-шаралар өткізіліп, 1 миллионнан астам адам қамтылды;
* жоғары оқу орындарында саламатты өмір салтын қалыптастыруға бағытталған 400-ден астам іс-шара ұйымдастырылды;
* әскери қызметкерлер арасында дөңгелек үстелдер, конференциялар, сауалнамалар өткізіліп, әскери бөлімдерде арнайы профилактикалық шаралар ұйымдастырылды;
* құмар ойындарға патологиялық бейімділігі бар адамдарға, соның ішінде мамандандырылған оңалту орталықтарын тарта отырып, медициналық-әлеуметтік көмек және оңалту қамтамасыз етілді;
* республикалық психикалық денсаулық ғылыми-тәжірибелік орталығы базасында лудоман адамдар мен олардың жақындарына психологиялық көмек көрсетуге арналған колл-орталық жұмыс істейді.
2024 жылдың сәуір айынан бастап мемлекеттік қызметшілер арасында ойын бизнесі мәселелері мен лудоманияның алдын алу тақырыбында орталық мемлекеттік органдарға арналған семинарлар өткізіліп келеді.

Туризм және спорт министрлігі өз құзыреті аясында қоғамдық денсаулықты қорғау және ойындарға жауапты қатынасты қалыптастыру мақсатында кешенді профилактикалық шараларды жүзеге асыруды жалғастырады.

❗️Ескерту: «Құмар ойынға патологиялық бейімділік» халықаралық деңгейде ресми түрде танылған және Халықаралық аурулардың жіктелімінде F63.0 коды бойынша енгізілген. 2023 жылғы қазанда ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық қызмет сапасы бойынша біріккен комиссиясы аталған бұзылысты диагностикалау және емдеу бойынша клиникалық протоколды бекітті.

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, 2024 жылы мемлекеттік медициналық мекемелерге F63.0 диагнозымен 69 адам, ал 2025 жылдың бірінші жартыжылдығында 35 адам жүгінген. Бұл жүйелі профилактикалық шараларды жалғастыру қажеттілігін көрсетеді.