ҚР ТСМ ұлттық команданы ХХV қысқы Олимпиадаға дайындаудың кешенді жоспарын әзірледі

ҚР ТСМ ұлттық команданы ХХV қысқы Олимпиадаға дайындаудың кешенді жоспарын әзірледі

Туризм және спорт министрлігі 2026 жылғы 6-22 ақпан күндері Италияның Милан және Кортина-д’Ампеццо қалаларында өтетін ХХV қысқы Олимпиадаға ұлттық команданы сапалы дайындаудың кешенді жоспарын әзірлеп, жүзеге асыруда.

Болжамға сәйкес, Олимпиадаға ел құрамасынан шамамен 35 спортшы барады. Отандық атлеттер қысқы Олимпиаданың 10 дисциплинасы бойынша бақ сынауды жоспарлап отыр. Олардың қатарында биатлон, конькимен жүгіру спорты, мәнерлеп сырғанау, шорт-трек, шаңғы жарысы, шаңғымен трамплиннен секіру, шаңғы қоссайысы, тау шаңғысы спорты, фристайл-могул және фристайл-акробатика бар.

Қазіргі уақытта Софья Самоделкина мен Михаил Шайдоровтың мәнерлеп сырғанаудан 2 жеке ресми Олимпиада лицензиялары бар. Сонымен қатар спортшыларымыз шорт-тректен – 9, конькимен жүгіруден 12 лицензия жеңіп алды. Команданың түпкілікті құрамы спортшылардың халықаралық жарыстардағы нәтижелеріне қарай қалыптастырылады. Олимпиада квоталарының нақты саны 2026 жылғы қаңтардың соңында белгілі болады.

Кешенді жоспарды іске асыру аясында министрлік республикалық спорт федерацияларымен және өңірдегі әкімдіктерімен бірлесіп жаттығу үдерісін қамтамасыз ету бойынша жүйелі жұмыс жүргізді. Атап айтқанда, қысқы спорт түрлері бойынша ұлттық құрамалар 178 оқу-жаттығу жиынын өткізіп, 125 халықаралық жарысқа қатысты. Спортшылар медициналық-психологиялық қолдау, қаржылық қолдау, қажетті спорттық құрал-жабдықтар, тамақтану және білікті жаттықтырушылармен жұмыс жасау қарастырылған.
Жаттықтырушылар құрамына әлем чемпионаттары мен Олимпиадада тәжірибесі бар жоғары деңгейдегі мамандар тартылған. Атап айтқанда, Германия, Нидерланд, Испания, Словения, Польша, Ресей және Беларусь елдерінен мәнерлеп сырғанау, конькимен жүгіру, шаңғы жарысы, шорт-трек және биатлон бойынша 13 шетелдік ТОП-деңгейдегі жаттықтырушы-кеңесші спортшыларымыздың сапалы дайындығына жұмылдырылды.

Туризм және спорт министрлігі ұлттық құраманың бәсекеге қабілетті даярлығын қамтамасыз ету және отандық спортшылардың төртжылдықтың басты додасында табысты өнер көрсетуі үшін қажетті жағдайларды жасау бағытындағы жүйелі жұмысын жалғастыруда.